ҚИЯМЕТ КҮНІН ЕСТЕН ШЫҒАРМАҢЫЗ

07 маусым 2022, 11:53

قَالَ اللهُ تَعَالَى: اِنَّ وَعْدَ اللهِ حَقٌّ فَلَا تَغُرَّنَّكُمُ الْحَيٰوةُ الدُّنْيَا وَلَا يَغُرَّنَّكُمْ بِاللهِ الْغَرُورُ. (سورة لقمان، 33)

Aлла Тағала былай дейді (мағынасы): “…Aлланың уағдасы, әлбетте, хақ. Oлай болса, дүниенің қу тіршілігі сендерді қызықтырып, алдамасын. Сондай-ақ, әзәзіл сұм шайтан да сендерді Aлланың кеңшілігіне, шексіз мейіріміне құр үміт арттырып, алдап соқпасын”. (Лұқман сүресі, 33-аят)

Aлла Тағала Лұқман сүресінің 33- аятында адамдарға тақуа болуды, қиямет күнінің жан шошырлық күйін ойлап, одан қорқуды және дүниенің пәни болмысына және шайтанның алдауына ермеуді бұйырады. Былай дейді: 

“Уа, адамдар, Раббыларыңды лайықты түрде ұлықтап, Оған асылық қылудан қорқып, азабынан барынша сақтаныңдар!” Сол Aлла Tағаланың құдіретін, ұлылығын ойлап қорқыңдар, oның дініне қарсы шықпаңдар.

“Сондай-ақ, бір күннен – яғни қиямет күнінен- сақтаныңдар”, oл басқа күндерге ұқсамайды, теңіз дауылы секілді үрейлі құбылыстардан әлдеқайда қорқынышты әрі жан жошырлық оқиғалар орын алады. Ондай күннен қорықпау мүмкін емес... “...әкенің бауыр еті баласына титтей де шапағаты тимейтін...” ондай күнде қандай мейірімді болса да, бәрібір баласының күнәсін, айыбын мойнына ала алмайды. “...баланың да әкесіне мысқалдай да себі тимейтін...” күнде әкесі үшін жауап бере алмайды. Кәпір әкеге мүмін баласының ақыретте еш пайдасы тимейді; әкесін илаһи азаптан құтқара алмайды. 

“Aлланың уағдасы, әлбетте, хақ” деп көрсетілген қиямет күні, сөз жоқ, болады. Әркімге амалына қарай сауап және жаза берілетініне қатысты илаһи баян – нағыз ақиқат. “Олай болса, дүниенің қу тіршілігі сендерді қызықтырып” мына жалған әлемнің сұлулығы мен әшекейі“алдамасын”, сендерді ғапылдыққа ұрындырып адами міндеттеріңді орындауға бөгет болмасын. Өйткені ол өмір уақытша, өткінші; мәңгілік өмірді ойлап, соның қамын жасау қажет.

“Сондай-ақ,” уа, адамдар! “Әзәзіл сұм” шайтан да “сендерді Aлланың кеңшілігіне, шексіз мейріміне құр үміт арттырып, алдап соқпасын”. Сендерді күнәға, жамандыққа итермелеп ұлы Раббыларыңа қарсы бүлікшіл күйге түсірмесін. Жүректеріңді Aлла қорқынышынан ада, тәубе етіп кешірім тілеуден ғапыл жағдайға жеткізбесін. Әрдайым ұқыптылық танытып құлдық міндеттеріңді орындауға. Қиямет күнінің азабын ешқашан естен шығармаңдар. 

mazhab.kz