Күніңді берекелі өткізгің келсе

20 желтоқсан 2021, 20:52

Күніміз еберкелі болуы үшін ең бастысы – ниеттің дұрысытығы болмақ. Бүгінгі күнім ұуанышқа толы, ісім сәтті болсын деген ниетпен оянып, Алладан дұға етсек, Алланың ұалауымен күн берекелі өтеді.

 

 Алла Елшісі (Алланың Оған салауаты мен сәлемі болсын): «Мұсылман баласы күнә іс болмаған және туысқандық қатынасты үзуге бағытталмаған бір дұға жасаса, Алла оған үш жауаптың бірін береді: не дұға-тілегін лезде кешіктірмей қабыл етеді, немесе қиямет күнге сақтап қояды, немесе дұға-тілегіне тең келетін жамандықты қайтарады,-дейді. Сонда мұны естіген сахабалар: ондай болса дұғаны көп-көп жасайық, - дейді. Алла Елшісі (Алланың Оған салауаты мен сәлемі болсын) де: Алла одан да көп (яғни, жомарт)», дейді.

 

Күллі әлем шырт ұйқыда жатқан осы бір қайырлы уақытта Алла Тағаладан дүние һәм ақыретіңізге қажеттінің барлығын сұраңыз. Хадисте келгендей «Тіпті аяқ киімнің бауын да» сұраңыз, туыс-бауыр, дос-жаран, көрші-қолан, елге, барша үмбетке Алладан тілеңіз. Дұғаны шынайы ниетпен жасаңыз.

 

Таңғы уақытты Құран оқуға және оның мағынасына ден қойып, ой жүгіртуге арнаған өте пайдалы. Бұл уақыт өзін Құранға ғана арнап күллі әлемнен оңашаланып, сауаптар мен Алла Тағаланың разылығына кенелетін кез. Әрі Құранды жаттауға ең лайық уақыт. Қасиетті Құранда Алла Тағала былай айтқан: «Түс қиғаннан, түннің қараңғылығына дейін намаз оқы (бесін, екінті, ақшам және құптан намаздары). Әрі таң намазын оқы. Күдіксіз таң намазына періштелер де қатынасады» (17:78). Ал, хадисте: «Егер адам Құран оқуды кешке аяқтаса, періштелер оған таң атқанша истиғфар (кешірім сұрау) етеді, ал егер адам Құран оқуын таңертең тәмамдаса, періштелер кешке дейін истиғфар етеді» делінген. Егер, сіз Құран оқи алмасаңыз, тыңдаңыз. Күнделікті үйде Құранды бір сәте қосып қойсаңыз, үй жын-шайтаннан тазарып, үйдегі барлық адамның руһы көтеріліп, көңілді жүреді. Ұрыс-керіс болмасын десеңіз, үйде Құран үзілмесін.

 

Келесі атқарылар дүние – зікір. Алланы және Мұхаммед пайғамбарды (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) әрдайым зікір ету үлкен сауапты іс. Хадисте: «Намаз (таң намазын) оқып болған соң, орнында қалып Алланы еске алатын кез-келген адам үшін ол зікірін тоқтатпайынша періштелер: «Аллаһым, оны кешірші! Аллаһым, оған рақымыңды төкші», деп  Алладан ол үшін  кешірім сұрауын тоқтатпайды» (Бұхари) делінген. Тағы бір хадисте: «Кімде-кім таң намазын оқып болып, орнында қалып, күн шыққанша Алланы еске алса, ал күн шыққан соң екі ракағат намаз оқыса, ол толықтай кіші және үлкен қажылық өтегендей сауап алады», (Тирмизи) деп айтылған.

 

Келесі дүние әрбір уақытта жоспарлау. Яғни, күн тәртібін сақтау да өзіндік рөлі бар. Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) уақытты үнемді пайдалануға аса мән берген. Сондықтан да, мұсылман баласы өз уақытына ұқыпты қарауы тиіс. Таңғы уақытта күні бойы істейтін шаруалардың күн тәртібін жасаудың маңызы зор. Сол тәртіпке сай әрекет етсеңіз күніңіз сәтті, ісіңіз жемісті болмақ!

 

 

 

Айтқазин Рауан

Балқаш қалалық мешітінің наиб имамы

 

ihsan.kz