ҚҰРАН НЕЛІКТЕН АРАП ТІЛІНДЕ ТҮСТІ?

ҚҰРАН НЕЛІКТЕН АРАП ТІЛІНДЕ ТҮСТІ?

Құранның өзіне тән стилін, ойды жеткізудегі асқан шеберлігі мен көркемдігін аздап болсын түсінген жандар оның адамзат баласына түскен кезінен бері ортада он төрт ғасыр уақыт өтсе де әліге дейін өзінің мұнтаздай таза қалпы мен асқан тартымдылығын сақтап келгенін мойындап, қайран қалады. Оның Алладан түскен мұғжиза кітап екендігін қабылдап, бас иеді.   Құран түрлі қауымдарға пайғамбарлар арқылы түскен барлық уахилардың мазмұны іспетті. Ол күллі адамзатқа арналған қасиетті кітап. Оның үкімдері жер бетінде қиямет күніне дейін күшін сақтайды. Міне Құран атты осынау ұлы кітап қаншалықты маңызға ие болса, оның тілі де соншалықты үлкен мәнге ие. 

 

Алла тағаланың соңғы пайғамбарына түсірген соңғы кітабы – Құран тілінің арапша болуының себебі мен хикметі қандай? Мұндай сауалға төтесінен берілетін бір ғана жауап бар:

 

Алла тағала нені қаласа соны жасауға құдіретті. Бұл даусыз ақиқат. Дегенмен, осынау ақиқатты әу бастан мойындай отырып, Құран тілі ретінде арапшаның таңдалуының астарындағы хикмет туралы ой толғап көрелік.   Негізінде, соңғы пайғамбардың шығатын құтты мекені ретінде әу бастан-ақ Хижаз[1] аймағының таңдалуы, ардақты пайғамбарымыз сынды адам баласындағы күллі ізгілікті бойына дарытқан ұлы тұлғаның елші ретінде таңдалуы, соңғы пайғамбар келетін бисәт[2] жылының күннің екінтіге таяған сәті секілді адамзат өркениетінің екінті сәтіне сәйкес келуі талай хикметке толы болатыны секілді Алланың осынау қасиетті миссия үшін арап тілін таңдауында да көптеген хикметінің бары анық.  

 

Құранның арап тілінде түсірілуінің бірінші хикметі ретінде – соңғы Елші болып таңдалған Мухаммедтің (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) және Ол өмір сүрген қауымның осы тілде сөйлегенін айтуға болады. Құран Кәрімде бұл жайт ашық түрде баяндалады: «Егер біз оны (Құранды) өзге тілде оқылатын бір кітап ретінде түсірген болсақ, міндетті түрде былай дейтін еді: «Аяттардың түсінікті болуы қажет емес пе еді? Араптарға өзге бір тілде кітаптың келуі бұл қалай болғаны..?»[3]   Екінші хикмет – арап тілінің басқа тілдермен салыстырғанда иләһи хабарлардың ауыр жүгін арқалай алатындай жоғары деңгейдегі тіл болғанын айтуға болады.

 

Енді тақырыбымыз кеңінен ашылуы үшін мына үш негізгі мәселеге жеке-жеке тоқталып кетуді жөн көріп отырмыз. 

 

 1. Арап тілінің тарихи даму жағдайы Арап қоғамы өздерінің тілінде түскен Құранды тілдік тұрғыдан жан-жақты түсініп, жақсы меңгерді. Сол кезеңдегі араптардың айтулы ерекшелігі – олардың тілдері таза әрі шешен болатын. Арап тілінде шешендік сөз, қара өлең, мақал-мәтел айтарлықтай дамыды. Араптар қарапайым ауызекі әңгімелердің өзін мірдің оғындай нысанаға дөп тигізер көркем сөздермен шебер жеткізетін. Құран Кәрім дәл осындай бір қоғамда арап тілінде түсе бастады.   Құран түсе бастаған тұста арап тілі барынша дамып, сөз қалыптары мен диалектілер де бір қалыпқа түскен болатын.[4] Сөздің қадірін жақсы түсінетін араптар арасынан шыққан ардақты пайғамбарға түскен Құран тілі өте айқын әрі күшті болды. Расында да, уахидың анық, түсінікті тілмен жеткізілгеніне қатысты Құран Кәрімнің көптеген аятында айтылады.[5] Уахи үшін таңдалған тілді Құран «Билисәнин арабиин мубин» яғни, «айқын, анық арап тілімен»[6] деген сөздермен сипаттайды.

 

Әсіресе, «Зумәр» сүресіндегі «Қуранан арабиян ғайра зи ъиуәжин» яғни, «түсініксіз ешбір қыры жоқ (анық, айқын) арап тілімен» деген аятта да Құран тілінің анық, түсінікті екендігіне баса назар аударады.   Белгілі ғалым Иззет Дервезе «Құран – негізінде хазірет Мұхаммедтің өмірі» атты еңбегінде Құран түскен кезеңде арап тілінің дамыған озық тіл екендігін, эстетикалық талғам деңгейінің аса жоғары болғандығын атап көрсетеді. Сонымен қатар, арап түбегіндегі түрлі тайпа, қауым мен мемлекеттер арасында тілдік біркелкіліктің орнығып, қалыптасқанына назар аударады. И. Дервезе өз еңбегінде осыған ықпал еткен факторларды жеке-жеке саралап түсіндіреді:   «Кез-келген тілдің бір-бірінен алыс аймақтарда мүлдем басқа қоғамдық, мәдени және экономикалық жағдайларда өмір сүріп жатқан адамдар арасында тілдік біркелкілікті орнықтыру үшін ұдайы тығыз қарым-қатынаста болу қажеттігіне назар аударады.

 

Бұл тілдің тарихи даму кезеңінде өте ұзақ уақытты талап ететін жағдай. Араптарға Ислам діні келместен бұрын жоғарыда аталғандай тығыз қарым-қатынас дамып, арап тілі мықты тіл ретінде кемеліне келген кезең болды. Мұндай жетістікке қол жеткізуде сол кезеңдегі араптар арасындағы кейбір дәстүрлер де оң ықпалын тигізді. Араптар арасында тілдік біркелкіліктің орнығуына Хабашилердің әуелі Иеменді, сонан соң Хижазды басып алуынан туындаған наразылық та өз әсерін тигізді. Сонымен қатар, Хабашилердің жаугершілігінен кейін ортақ арап тілінің қалыптасуында Ирак және Шам сынды Таяу Шығыстың түкпір түкпіріне жасалатын сауда-саттық сапарлары да өз үлесін қосты. Араптар арасындағы Харам айларында[7] күшіне енетін бейбітшілік кезеңінде түрлі аймақтардан адамдардың Қағбаға қажылық жасау үшін ағыла келіп басқосуы да арап тілінің дамуына, тілдік біркелкіліктің орнығуына оңды ықпал еткені анық.[8]   Ислам дінінің келу қарсаңында арап тілінің өз дамуының алтын шағына қарай бет алғандығын хазірет Ибраһим Хасан былай түсіндіреді: «Хижаз аймағында Мекке сауда-саттық пен әдеби іс-шаралардың орталығы болды. Арап түбегінің түрлі өлкелерінде тұратын тайпалардың адамдары Меккеде бас қосатын еді. Олар өздерінің әдет-ғұрып, салт-сана, дәстүрлерін бір-бірлеріне ауызекі түрде айтып жеткізді.

 

 Көбінесе, араптар өз ата-бабаларының қаһармандығы, абыройы мен атақ-даңқы, мәрттігі, қадір-қасиеттерінің артықшылығы туралы өлең-жырлар оқып, көркем сөзбен өрнектелген әңгімелер қозғайтын. Осы дәстүр әсіресе жас балалардың бойында әдет-ғұрыпты көркем сөзбен, өлеңмен өрнектеп айтуға деген құлшынысты оятып, бұл жағдай араптар арасында ауыз әдебиетінің қарқынды түрде дамуына жол ашты. Исламнан бұрын арап түбегінде оқу-білім мен жалпы сауаттылықтың кенжелеп қалғандығы ел арасында көркем сөзбен ауыз әдебиетінің қарыштап дамуына кері әсерін тигізе алған жоқ. Негізінде, арап өлеңдерінің барлығы ұйқастан құралады. Дегенмен, ұйқасты сөзбен ойды көркемдеп жеткізу тек өлеңмен шектеліп қалмады. Араптар діни жоралғылар, қазалы хабарларды да ұйқас сөздермен көркем, әдемі жеткізе білетін еді. Емші-балгерлер мен сиқыршылардың сөздері де ұйқаспен өрнектеліп айтылатын. Тіптен, араптар ұйқас сөздің тар қалыптарына сыймайтын дүниетанымдық ойлар мен пікірлердің өзін өлеңмен өрнектеп айтуға шебер болды. Осылайша, көркем сөз, өлең, шешендік арап қауымының халықтық мінез-құлқы мен бітім-болмысының ажырамас бір қасиетіне айналды. Мұның дамып, өркендегені соншама әдебиеттен хабары жоқ қарапайым араптың өзі белгілі бір қасида немесе өлең-жырларды жаттап алып, назым өлшемдерін еш бұзбастан ауызекі түрде өзгелерге жеткізе білетін еді.[9]   

 

Араптар арасында көркем сөзді мұншалықты қадірлейтін сана-сезімнің қалыптасуына септігін тигізген мына факторды ерекше атап өткен жөн. Жалпы араптардың көпшілігі оқу-жазуды білмегендіктен[10] және өздері мақтан тұтатын тарихи оқиғаларды жазбаша түрде жазып қалдыра алмағандықтан мұндай мәдени мұраларда жаппай жаттап алып, халық жадында сақтай білді. Тарихи оқиғалардың халық жадында ұмытылмастай болып мәңгі қалуы үшін оларды әдемі сөздермен, мақал-мәтелдермен, астарлы сөздермен, түрлі метафоралармен сипаттап, суреттеп баяндайтын. Осының нәтижесінде араптарда поэзия мен шешендік өнер қарыштап дамыды. 

 

Осы тұста Ахмет Жевдет Пашаның (1895) арап тілінің пайғамбарлықтан бұрынғы жарқын даму деңгейі туралы ойларын айта кеткен жөн. Оның ойынша Исламнан бұрын араптар арасында ауыз әдебиетінің мұншалықты дамып алға басуының астарында үлкен хикмет бар. Бәлкім, арап тілінің осыншалықты күшті тіл болып қалыптасуының өзі Алла тарапынан нақ осы тілде кітап түсірілетіндігінің бір ишараты болуы мүмкін.[11]   Жевдет Паша назар аударған осы мәселені иләһи хикмет тұрғысынан да қарастыруға әбден болады. Алла Тағала Құран түсетін қауым ретінде араптардың тілін барынша кемеліне келтіріп, Құранның таңғажайып әрі мінсіз бәләғатының[12] тереңнен пайымдалып түсінілуі үшін арап тіліне өзгеше бір ерекшелік, аз сөзбен көп мағынаның мазмұнын ашатын қарымдылық нәсіп еткен болуы мүмкін.   

 

 Осы тұста назар аударарлық бір жәйт: араптар сөз қадірін тереңнен түсінетін осы артықшылықтары арқылы Құранның иләһи хабар екенін оңай түсінді. Сондықтан да, араптардың басым көпшілігі Құранның осынау теңдессіз бәлағатына бас иіп, Ислам дінін тез қабылдады. Ислам алып келген ақиқаттан теріс айналған араптардың өзі Құранның мінсіз бәлағатына тамсанып, бас игені тарихтан белгілі. Олар ата-бабадан қалған діндерін тастамауға қасарысып тас бекінгендіктен осынау мұғжиза кітапты «сиқыр» деген сылтаумен ғана ақиқаттан жалтарды. 

 

2. Арап тілінің өзіндік ерекшелігі Арап тілінің өзге тілдерден артықшылығын имам Шафиғи былай түсіндіреді: «Арап тілі өзге тілдермен салыстырғанда күрделі әрі сөздік қоры ең бай тіл.[13] Тіл ғылымдары саласының белгілі ғалымы ибн Фарис  ойды жеткізуде, баяндауда арап тілінің өзге тілдерден озық екендігіне назар аударып, кез келген тіл саласының ғалымы мұны даусыз мойындайтынын алға тартады.[14] Бәдиүззаман да арапшаны сөз тіркестері мықты орныққан тіл ретінде сипаттай отырып, ойды жеткізудегі әдеби қарымдылығына ешбір тілдің жете алмайтындығын ашып айтады.[15] 

 

Арапшаның Алла тағаланың кәламын (сөздерін) адамдарға жеткізетін тіл ретінде таңдалу ерекшелігі туралы ғалым М. Хамидулла өз еңбектерінің бірінде былай түсіндіреді: «Алла тағаланың сөзін адамзатқа жеткізуде дәнекер тіл ретінде арапшаның таңдалуының өзіне тән хикметтері бар. Ешбір тіл сөйлем құрылысы, дыбыстардың үйлесімі, сөздердің байланыс жүйесі, сөз байлығы және т.б. тұрғысынан арапшамен бой таластыра алмайды. Арап тілі оқиғаларды, ойды жеткізуде ешбір жайтты тасада қалдырмай, ең ұсақ деген мән-жайдың өзін асқан шеберлікпен ашып жеткізу құдыретіне ие. Арапшада сөйлемнің құрамы, бастауыш, баяндауыш, зат есім, етістік, ерлер мен әйелдердің екі бөлек шақта айтылуы өте ерекше.

 

Арапшаның сөздік қоры адам нанғысыз деңгейде аса бай. Түрлі жағдайларға орай балама сөздердің көптігі арап тілінің басты ерекшелігі. Сонымен қатар, арап тілі ойды, оқиғаны асқан көркемдікпен, жан-жақты қамти отырып жеткізу қабілетіне ие керемет тіл».[16]   Арап тілінің тағы бір маңызды қырына назар аударған ғалым М. Хамидулла өз ойын былай түйіндейді: «Арап тілінің тағы бір артықшылығы – оның ғасырлар бойы өзгерместен бастапқы таза қалпын сақтауы болып табылады. Осыдан 1500 жыл бұрынғы арап тілінің қара сөзі, қара өлеңі, тіл ережелері, сөздік қорының байлығы, жазу ережелері қазіргі заманғы арап тілі мен әдебиетімен бірдей. Тунис, Дамаск, Каир немесе Бағдаттан тарайтын кез-келген радио хабары ардақты пайғамбарымыздың дәуіріндегі арапшамен бірдей. Қара сөз бен поэзияның тілі де өзгермеген. Ардақты пайғамбарымыздың (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) сөздерін сол дәуірдің адамдары қалай түсінсе бүгінгі ұрпақтар да еш қиналмастан оқып түсіне береді.

 

Осы орайда діннің қайнар бастауы саналатын мәтіндердің бастапқы қалпына сызат түсірместен осы кезге дейін дін-аман сақталып жеткені де үлкен нығмет екендігін атап өткен жөн. Сондықтан да, Құраннан кейін өзге бір иләһи кітаптың түспейтіндігін, ардақты пайғамбарымыздан (с.а.с.) кейін өзге бір пайғамбардың келмейтіндігін ескерер болсақ, Алланың сөзін адамзатқа жеткізетін тілдің тұрақсыз, тұрлаусыз бір тіл болуы иләһи хикметке сай болмас еді».[17]   Осы тұста батыстық ғалым Филлип К. Хиттидің (1978) арап тілінің артықшылығын мойындап, айтқан пікірін келтіре кеткен жөн: «Тілдің әдеби көркемдігі тұрғысынан ешбір халық араптар секілді бола алмайды. Ойды көркемдеп, нақыштап дөп басып жеткізуде ешбір халықтың тілі арап тілі секілді қуатты емес.

 

Арап тілі араптардың халықтық сана-сезім, ұлттық болмысының ажырамас қасиетіне айналған. Тілдің бір халықтың бітім-болмысы мен өркениеттік мұрасына мұншама әсер етуі басқа тілдерде байқалмайды. Өйткені, бұл тіл Ислам дінінің құндылықтарымен біте қайнасып, арапша сөйлейтін халықтардың рухани тірегіне айналған. Сондықтан да, Құранның мінсіз бәләғаты мен ижазын[18] мұсылмандар өз діндерінің ақиқат дін екендігіне қатысты қуатты дәлел ретінде бағалайды. Исламның жеңістен жеңіске, табыстан табысқа жетуі белгілі бір деңгейде арап тілінің де жеңісі болып саналады. Дәлірек айтқанда, бұл осы тілдің рухани діңгегі саналатын кітаптың, яғни Құранның жеңісі болатын».[19]   

 

 3. Арап тілі және араптардың құндылықтарының Құранға негізделуі   Құран және арап тілі Алла тағаланың сөздерін адамзатқа жеткізетін тіл ретінде арапшаның таңдалуынан кейін бұл тілдің филологиялық дамуы алғашқыда Құранның дұрыс оқылып, дұрыс үйретілуіне деген ыждағаттылық арқылы басталды. Бұған төменде аталатын үш фактор оңды ықпал етті. 

 

 1. Құран әуел бастан-ақ арапшаның жазбаша тіл болып қалыптасуын қамтамасыз етіп, оның бір ғана диалекті негізінде арапша тіл бірлігінің құрылуына жағдай жасады. Құран арап тілін көптеген мемлекетте ресми тіл мәртебесіне жеткізді. Бәлағат және ижаз тұрғысынан Құран арап тілінің басты қайнар бұлағы болып орнықты. Осы тұрғыдан ғасырлар бойы өзінің тап-таза қалпын сақтап келген арап тілі мен әдебиеті ешбір өзгеріске ұшырамастан қазірге дейін өзінің қаз-қалпын сақтап келеді. 

 

 2. Құран көптеген арап сөздерін мағыналық тұрғыдан ауқымын кеңейтіп, сөздік қорды жаңа ұғым-сөздермен байыта түсті. 

 

 3. Арап тілі Құранның арқасында әлемнің түкпір-түкпіріне жайылды және осы үдеріс әліге дейін жалғасып жатыр. Ендеше, Құран Кәрім арапшаның рухы, жаны, қияметке дейін арап тілінің өмір сүретіндігінің бірден-бір кепілі және осы тілдің басты тірегі болып табылады.[20] Осы жерде уахи тілінің арапша болуына қатысты тағы бір мәселеге назар аудара кеткен жөн. Алланың сөзі болып табылатын аяттарды жеткізген тіл осылайша «Құран тіліне» айналды. Арапшаның Құран тіліне айналуы араптарды да айрықша жағдайға қауыштырды.[21] Өйткені, осы тілді барлық нәзік қырлары мен сырларын тереңінен білетін, оны өз орнымен қолданушы күллі ғаламның жаратушысы, барлық нәрсені жалғыз дара білуші шексіз ілім иесі Алла Тағала. Сондықтан да, Құранның ижаз және бәләғат тұрығысынан түскен кезінен бүгінге дейін өз қарсыластарын Құранға ұқсас бір нәрсе жасап көруге шақыруы,[22] артынан осының мүмкін еместігін паш етуі[23] де осы тұрғыдан қарастырылғаны жөн.

 

  Иләһи хабардың тілі болу арқылы Құран өзіндегі асыл құндылықтарды қарапайым бір бәдәуидің түсініп, меңгеруін негізге алумен бірге, әдебиет пен поэзияда тереңдеген шешендер мен ақындардың да талғам-түсінігін қаперден тыс қалдырмайды. Сондықтан да, кез келген ақида, фиқһ, тіл ғалымы немесе билік иесі басқарушы Құранға жүгінсе өз салаларына қатысты барлық шешімді таба алады. Кәлам (ақида ілімі), құқық және әдебиеттің тілі бір-біріне мүлдем ұсқамайды. Ал Құран Кәрім ілімнің осы салаларының барлығын бірден нәзік қырлары мен өзіндік ерекшеліктерін, қағидаларын да ескере отырып ғылымның жүгінетін қайнар бұлағы бола алады. Міне, Құранның осынау ерекшелігі арқасында кәлам мен фиқһ ілімінің, әдебиет немесе тарих саласының ғалым-ғұламалары Құран Кәрімді өз зерттеулерінің басты қайнар бастауы ретінде негізге ала отырып, талай құнды еңбектерді тудырды.[24] Құран тілінің көркемдік және бәләғат тұрғысынан теңдессіз ерекшелігін Бәдиүззаманның таным кеңістігі тұрғысынан қарастырып, осыған қатысты ғалымның келтірген бір мысалын айта кетуді жөн көрдік: 

 

 «Әлхәмдулилләһ» - Құранда қолданылатын сөздердің бірі. Наху (синтаксис) ілімі мен сөз ережелері тұрғысынан бұл сөздің ең қысқаша мағынасы былай: «Барлық мақтау мен мадақ кім айтса да, кімге айтылса да әзәлдан[25] әбадқа[26] дейін «Заты-уажибул-ужуд»[27] болып табылатын Аллаға лайықты, Соған ғана тиісті». «Кім айтса да» деген тұста оның айтушысы ұмыт қалдырылғандықтан бұл да жалпылама мәртебені білдіреді. Сөздің арапшасында етістіктің тәрк етілуі жалпылама мағына білдіргендіктен «кімге айтылса да» деген шартты ұғымды білдіреді. «Әзәлдан әбәдқа дейін» деген сөзде арапшадағы баяндауыштың бастауышқа ауысу ережесі бойынша тұрақтылық, үздіксіз дегенді білдіреді. «Лайықты және тиісті» деген мағынадағы «лиллаһ» сөзі ламы-жәр[28] саналады. Өйткені, мұндағы «ләм» әрпі «тиісті болу» және «лайықты болу» дегенді білдіреді. «Заты-уажибул-ужуд» сөзі улухияттың[29] танымдық тұрғыдан қажетті болуы, Заты-Зулжәләл[30] мәртебесі, сонымен қатар, Алла сөзінің Хақ тағаланың барша есімдері мен сипаттарын қамтуы тұрғысынан «Исми-Ағзам»[31] екендігі қуатты дәлелмен көрсетілгендіктен «Уажибул-ужуд» мәртебесінің де дәлелі болып табылады.    

 

 Міне, «Әлхәмдулилләһ» сөзінің арап тіліндегі қысқаша мағынасы осылай болса Құранның ақиқаттары өзге бір тілге дәл осындай ижаз және тереңдікте қалай аударылмақ? Құранның ақиқатты тереңнен көркем түрде толғайтын, көптеген мағынаны аз сөзбен нақты жеткізетін мұхиттай терең ижаз ілімінің орнын сана-сезімі мен жан дүниесі қараңғылықтағы ақылы шектеулі адамдардың сөздері қалай ғана баспақ? Ендеше, Құранның әрбір әрпі ұлы ақиқаттың кішкентай бір бөлшегі, қазынасы болып саналады. Кейде Құранның бір ғана әрпі талай бетке сыймайтын ұлы ақиқаттар туралы сыр шертеді.[32]   Құран және араптар Құран Кәрім өзінің осынау ерекшелігіне аяттарының бірінде былай деп назар аудартады: «Ант еттік, сендерге атақ-абыройларыңды асыратын, насихатқа толы бір кітап түсірдік. (Сендер енді осынау ақиқатты) Әлі ақылмен ойланбайсыңдар ма?»[33]. 

 

Қорытынды Қорыта келгенде, арап тілі Алла тағаланың ерекше тартуына ие болған тіл. Бұл тіл күллі адамзат баласына түскен иләһи кітап – Құранның тілі болатындай аса биік мәртебегі ие болды. «Патшаның жүгін тек соған лайықты жануар ғана таси алады» деген аталы сөз бар. Басқалай айтқанда, бір сөздің көп мағынаны бірден қамтуы, астарлы сөз бен ақиқат сөзді шеберлікпен беруі, сөздің дәлелі мен мазмұны, мағынаның анық немесе ишарат арқылы білдірілу ерекшелігі тұрғысынан арап тілі иләһи хабардың ауыр жүгін арқалауға қарым-қабілеті жететін тіл бола алды.

 

  Дегенмен ұмытылмауы тиіс бір жайт, арап тілі өзінің шынайы болмысы мен қадір-қасиетіне арап ұлты секілді Ұлы жаратушыдан түскен Құран арқылы қол жеткізді.

 

 

 

 

www.akikat.kz  

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста