ҚҰРАНДЫ МАҒЫНАСЫН ТҮСІНБЕЙ ОҚЫСА, САУАП ЖАЗЫЛАДЫ МА?

27 ақпан 2022, 10:52

Сұрақ: Құран Кәрімнің мағынасын түсінбей оқыған кісіге сауап жазылады ма? Арман.

Жауап: Құрметті Арман! Құран Кәрімді әуелі оқуды үйреніп, кейін мағынасын түсініп амал ету шариғаттағы ең абзал амал екендігі хақ. Алайда мағынасын түсінбей оқыған адамға еселеп сауап жазылады. Оған мына төмендегі мына хадис дәйекті дәлел болады. Имам Тирмизи (Алла оны рақымына бөлесін!) сахаба Абдулла ибн Масғұдтан мынадай бір риуаят келтірген (Алла оған разы болсын).

«Мен Алла елшісінің (صلي الله عليه وسلم) :

 «Кімде кім Алланың кітабынан бір әріп оқыса, оған бір сауап беріледі. Ал бір сауапқа он сауап беріліп еселенеді. Мен «الم»[1]-ді бір әріп деп тұрғаным жоқ. Алайда, «ا» (әлиф) жеке өзі бір әріп, «لام» (ләм) жеке басына бір әріп, «م» (мим) өз алдына бір әріп»,-деп айтқандығын естіген едім[2].          Міне осы хадисте Құран Кәрімді мағынасын түсінбей оқыған кісіге еселеп  сауап берілетіндегіне дәлел бар. Себебі адамдардың көпшілігі «[3]الم»-ді оқиды. Алайда мағынасын түсінбейді[4].

 

 Құрметпен, ҚМДБ-ның Шариғат және пәтуа бөлімі.   

mazhab.kz