ПАЙҒАМБАРЛАРДЫҢ ЖІБЕРІЛУІНДЕГІ ХИКМЕТТЕР

27 мамыр 2022, 19:15

Пайғамбарлар – Алла Тағаланың дінін; бұйрықтарын, тыйымдарын, мәліметтерінқұлдарына білдіру үшін жіберген таңдаулы тұлғалар. Пайғамбарлардың жіберілуінде көп хикмет бар, - деп хабарлайды Alashainasy.kz тілшісі mazhab.kz-ке сілтеме жасап.

Aлла Tағала былай  дейді (мағынасы): “Расында, сендерге өз араларыңнан аяттарымызды оқып түсіндіретін, сендерді (жалған сенімдер мен күнә атаулыдан) арылтатын, кітап пен хикметті үйрететін (яғни кітапты дұрыс түсіну әрі жүзеге асыру жолдарын, ондағы илаһи пәрмендер мен тыйымдардың хикметін, жаратылыс пен құбылыстардың мән-мақсатын ұғындыратын), сондай-ақ басқа да білмейтін нәрселеріңді үйрететін елші жібердік”. (Бақара сүресі, 151- аят)

 

Пайғамбарлар – Алла Тағаланың дінін; бұйрықтарын, тыйымдарын, мәліметтерінқұлдарына білдіру үшін жіберген таңдаулы тұлғалар. Пайғамбарлардың жіберілуінде көп хикмет бар. Олардың кейбірі мыналар:

 

Ақидалық үкімдерді үйреткен. Адамдар ақыл-ойымен бір жаратушының бар екенін және оның ұлық сипаттарының болатынын ұғуы мүмкін. Бірақ илаһи сипаттардың көбін түсінбейді. Ақыретке қатысты талай ақиқатты білмес еді. Мұндай жағдайда оларға бір жолбасшы, мұғалім керек. Міне, пайғамбарлар осы ақиқат атаулыны адамзатқа жеткізушілер.

 

Құлдық міндет. Ақылы бар әрбір адам өзіне бұйырған нығметтер үшін шүкіршілік еткісі келеді. Раббының ризашылығына қол жеткізу үшін құлшылық жасасам дейді. Алайда өздігінен қалай шүкіршілік ететінін, міндетінің не екенін, қалай құлшылық жасау керегін білмейді. Міне, пайғамбарлар өздеріне берілген уаһи мен илһам арқасында халыққа мұндай міндеттерінің нелер екендігін үйреткен.

 

Кей нәрселердің жақсылығы мен жамандығын бір-бірінен айырған. Жұрт кей мәселеге қатысты жақсы мен жаманды тек өз ақылымен ажырата алмайды. Әсіресе, кей іс-әрекеттің дүниеде мақталуы мен датталуы, ал ақыретте сауап пен жазаға лайықтығы жағын білуге ақыл жетпейді. Бұл жайлар пайғамбарлардың жеткізген бұйрықтары мен тыйымдары арқылы анықталады, олардың бұйырған нәрселері көркем, тыйым салғандары жаман.

 

Халыққа ахлақи ізгілік сіңіруге бұйырған. Жеке тұлғалардың болсын, қоғамның болсын,  көркеюіне қоғамдық өмірдің тәртібі, ахлақи ізгіліктер деген секілді нәрселермен қол жеткізуге болады. Бұл ізгіліктердің нелер екенін жұртқа үйрететін адам қажет. Пайғамбарлар бүкіл көркем ахлақты үмметіне үйреткен. Адамның кемелденуі көркем ахлақ арқылы мүмкін екенін түсіндірген және кез келген жаман ахлақтан оларды сақтандырған.

 

Aлла Tағала былай бұйырады (мағынасы): “Сендерден бұрын қаншама (ғибратқа толы) оқиғалар, қаншама шариғаттар өтті. Oлай болса, жер бетін шарлап, (Алланың хақ діні мен пайғамбарларын) жалғанға шығарғандардың ақыры не болғанын өз көздеріңмен көріңдер”. (Әли-Имран сүресі, 137-аят)

 

Пайғамбарлардың жіберілуінде тағы мынадай хикметтер бар:

 

Mәдениетті болу жолдарын үйреткен. Адам табиғатына сай, мәдениетті. Былайша айтқанда, жападан-жалғыз өмір сүре алмайды, қашан да басқа біреуді қажет етеді. Сол себепті араларында (сауда, неке тәрізді) әртүрлі амал-әрекет орын алады. Шынында бұл тұрғыда көптеген (шариғат) үкімдеріне мұқтаж, мәдениетті өмір өз арнасынан аумасын. Пайғамбарлар тарапынан бұл үкімердің негізі қаланған. Бұл үкімдерге сай болған қауымдар мәдениеті жағынан өте жоғары деңгейлерге жеткен.

 

Қоғамдық қатынасты күшейткен. Ол былай: Адамдар жаратылысына сай, қауымдасып тірлік етуге мәжбүр болғандықтан, өзара түрлі байланыс, қарым-қатынас желісі пайда болған. Ал бұл қатынастың жүйе, ретімен жалғасуы адамдар арасында сүйіспеншілік сезімдердің барлығына байланысты. Расында, жұрт жақсы тәрбие көрмесе, араларында ондай сапалы қасиет байқалмайды. Адамның тәрбиесі дұрыс болуға тиіс; жамандыққа бейім нәпсінің жетегіне еріп қоғамдық тәртіпті бұзуға ұмтылып, өз жеке бас пайдасы үшін басқаларға кесірін тигізіп жүрмесін. Міне, адамдарға мұндай тәрбиені беретін – пайғамбарлар. Соның арқасында адамдар арасында мықты байланыс орнап, көп адам өзімшілдік кесірінен арылып, тағдырға разы болып, басқа түскен түрлі қиыншылыққа төзе білген.

 

Ғаламға қатысты ақиқаттарды, тарихи оқиғаларды баян қылған. Пайғамбарлар түрлі жаратылыс заңдылықтарын, адам болмысының кей беймәлім қырларын үмметіне ұғынықты үлгіде түсіндіріп, оларға ғаламды жаратқан Алла Тағаланың құдіреті мен ұлылығын білдірген. Бұрынғы өткен кей қауымдардың ғибрат аларлық ахуалын айнытпай айтып беріп, үмметінің бұдан үлгі алып ғапыл қалмауын қамтамасыз еткен.