Суицид жасағандардың жаназасын шығаруды шариғат құптай ма?

23 қараша 2021, 19:58

Бүгінде елімізде суицид жағдайлары жиілеп кетті. Бірақ өзіне қол жұмсаған жандарды жер қойнына арулап тапсыру, жаназа намазын оқу күрделі мәселе. Қазақстан діни басқармасында да мұны "шетін мәселеге" жатқызады, деп хабарлайды Express Qazaqstan.
Muftyat сайтында суицид жасағандардың жаназасын шығару жайлы ашып жазылмаса да, ислам дінінің құптамайтындығы айтылған. Қостанай облысының бас имамы Бахытбек Тәжімбет адам баласының өз-өзіне қол жұмсауын өзін және өмірін бағаламауы Жаратушының бұйрығына бойұсынбауы деп отыр.
Қаржы тапшылығы, зорлық-зомбылық, эмоциялық күйзеліс, отбасылық мәселелер, осының бәрі адамды суицидке итермелейді. Алайда суицид жасау бұл қиындықтардың шешімі емес, ақыретте де сауапқа кенелтпейді. Мұндай істі асыл дініміз құптамайды,
—дейді бас имам.
Дей тұрғанымен, күрделі мәселе төңірегінде бұған дейін "Әзірет Сұлтан" мешітінің наиб-имамы Бақытжан Өткелбаев пікір білдірген. Ол ел арасында түсінбеушілік болмас үшін ғалымдардың рұқсат бергендігін айтты.
"Қазір суицидтің, әсіресе, жастар арасында көп болуы себепті олардың соңынан имамдарымыз жаназа намазын оқып жүр. Бұған ғалымдар рұқсат берді. Өйткені, суицид құрбандары тым көп болғандықтан оларға жаназа намазын оқымай қойсақ ел арасында түсініспеушілік туындап, дүрбелең болар еді", — дейді Бақытжан Өткелбаев.
Аталған мәселе төңірегінде Діни басқарманың баспасөз қызметінен сұрап көрдік. Бірақ "шетін мәселе" деген бір ауыз сөзбен бұл істің өте күрделі екенін айтты.