СҮТТІҢ ЖАРАТЫЛЫСЫНДАҒЫ СЫР

31 мамыр 2022, 17:53

الَ رَسُولُ اللهِ صَلَّى اللهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: رَأَيْتُ كَأَنِّي أُتِيتُ بِقَدَحٍ مِنْ لَبَنٍ فَشَرِبْتُ مِنْهُ فَأَعْطَيْتُ فَضْلِي عُمَرَ بْنَ الْخَطَّابِ قَالُوا: فَمَا أَوَّلْتَهُ يَا رَسُولَ اللهِ قَالَ: اَلْعِلْمَ. (ت)

Пайғамбарымыз (с.а.у.) былай деген: “Түсімде маған бір кесе сүт бергенін және одан ішкенімді, артылғанын Омар ибн Хаттабқа бергенімді көрдім”. “Уа, Расулалла, мұны неге орай айттыңыз?” дегенде. “Ілімге” деген. (Сүнән Tирмизи)

Aлла Tағала Нахл сүресінің 66- аятында -мағынасы-: “Расында, төрт түлік малда да сендер үшін ерекше ғибрат бар. Сендерге олардың ішек-қарнындағы жын мен қанның арасынан бөлініп шығатын, ішкен адамның тамағынан жеңіл өтетін, жағымды тап-таза сүт ішкіземіз” дейді.

Әбусууд эфендидің түсіндірмесі мен Фахруддин Разидің Мәфәтих ул-ғайб тәпсірінде былай баяндалады: Мал жеген жем-шөбін бойына сіңірген соң,  оның қалдығы, артығы ішектен шығады. Саф, яғни ағзаға пайдалы бөлігі болса, бауырға жетеді. Қан бауырдан бүкіл тамырға тарайды. Мұнымен қатар, қан бауырдан қажетті бүкіл минерал, дәруменді желінге жеткізеді және ондағы сүт бездерінде сүт пайда болады.

Сүттің қан мен жынның арасынан таза, саф күйінде шығуында Алла Тағаланың құдіретіне дәлел бар. Өйткені сүт пен қан-жынның негізгі материалы жем-шөп екендігінде шүбә жоқ. Осылайша сүттің жаңағылардан бөлініп таза әрі адамға пайдалы, төлінің қоректенуіне қолайлы, берекеті мол болып шығуы, қан мен жынның түсінен, иісінен белгі болмауы адам ақылы жетпейтін және ойланса, таң қалатын жайлардың бірі.

Аталық пен аналықтың дене тұрқы, қоректенуі бірдей болғанмен, ұрғашысының құрсағында төлі мен оның қорегін жарату, сол жемді жейтін еркегінде ондай жайдың орын алмауы, сүтті басқа аттардан ажыратып май, су тәрізді бір-біріне кереғар нәрселерді сүт күйінде біріктіру, желін ұшында сүт шығатын үрпі жарату, төлі іште жатқанда оның қорегін қанмен құрсаққа жіберіп, туған соң тағы соны қажетіне жарату үшін сүт болып басқа ағзаға жіберу және жаңа туған төлдің бірден емуге қабілетті болуы табиғат жасайтын нәрселер емес.

Шынында, мұның бәрі Алла Тағаланың бар екеніне, құдіретіне, ілімінің кемелдігіне және қалағанын істей алатын жалғыз жаратушы екеніне шүбә жоқ.

mazhab.kz