ТАЛАП – БІЗДЕН, ТАБЫС - АЛЛАДАН

23 желтоқсан 2021, 08:41

Пайғамбарымыз (с.а.у.) былай деді: «Үйде Құран кәрімді көбірек оқыңдар. Өйткені Құран оқылмаған үйдің берекесі аз, жамандығы көп болады. Және ол үйдегілер кедей болады». (Фәйз ул- қадир)

Халилулла Ибраһим алейһис-сәлам бір жолы екі жүз мәжусише (отқа табынушыларға) қонақасы береді. Мәжусилер тамақтанып болған соң, бұл құрметтің есесін қайтаруды ойлап: “Уа, Ибраһим, бізден қалаған бір нәрсең бар ма?” дейді. Ибраһим алейһис-сәлам “Иә, сендерден сұрайтын бірдеңем бар” дейді. Аналар “Ол не?” деп сұрайды. Сонда “Менің Раббыма бір рет сәжде еткендеріңді қалаймын” дейді.

Мәжусилер өзара кеңесіп, бір-біріне “Бұл адам бізге көп жақсылық жасады. Бір рет болса да Раббына сәжде жасай салайық. Сосын қайта өз илаһымызға ораламыз ғой. Бір сәждеден зиян келмейді” дейді. Сосын бәрі бірге Aлла Tағалаға сәжде қылады.

Олар сәжде үшін бастарын жерге қойған кезде, Ибраһим алейһис-сәлам “Уа, Раббым! Мен бар ықыласымды салып мыналардың мына күйлеріне себеп болдым. Менің бұдан әріге шамам жетпейді. Табыс тек сенің қолыңда. Aллам! Мыналардың саналарын Исламға аша гөр” деп, Aлла Tағалаға жалбарынады. 

Сосын мәжусилер сәждеден бастарын көтерген соң, бәрі түгел иманға келеді. 

mazhab.kz