ТЫРНАҚ ӨСІРУ КҮНӘ МА?

17 маусым 2022, 01:12

Алла Елшісі (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын) тырнақ алуды тазалыққа қатысты бес сүннеттің бірі ретінде атап көрсеткен. Ол туралы Пайғамбарымыз (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын):

خَمْسٌ مِنَ الْفِطْرَةِ الْخِتَانُ، وَالاِسْتِحْدَادُ، وَتَقْلِيمُ الأَظْفَارِ، وَنَتْفُ الإِبِطِ، وَقَصُّ الشَّارِبِ

«Бес нәрсе адамның болмысынан: сүндетке отыру, ұятты жерді түктен тазарту, мұртты басу, тырнақ қысқарту және қолтық түгін алу»[1] дейді.

Алайда тырнақты қырық күннен артық өсіруге болмайды. Сахаба Әнас ибн Маликтен жеткен риуаятта:

وُقِّتَ لنا في قصِّ الشَّارِبِ، وتقليمِ الأظفارِ، ونتْفِ الإبْط، وحَلْقِ العانةِ: أنْ لا تُترَكَ أكثرَ مِن أربعينَ

«Бізге мұртты қысқартуды, тырнақ алуды, қолтық және әурет түктерін жұлуды қырық күннен асырмауға бұйырылды»[2], – деген. «Радду әл-мұхтар» кітабында: «Ең дұрысы апта сайын тырнақты алу, мұртты қысқарту, әурет түгін қыру, денесін жуу керек. Болмаса, бұл істер он бес күнде жасалуы тиіс. Қырық күннен асыру – күнә»[3], – деген. Осыған орай, тырнақты апта сайын алу – мұстахап. Қырық күннен асыру – харамға жақын мәкрүһ, яғни күна болып саналады.    

mazhab.kz