Мен неге қазақтың намысын қорғаймын?

01 мамыр 2013, 11:28

Юрий Мельниченко, Грек-рим күресінен Атланта Олимпиадасының жеңімпазы:
– Қазақ пен қырғыз бауырлас елдер ғой. Менталитеті де бір-біріне жақын. Сондықтан, қырғыз жерінде туып өскен мен кезінде Қазақстан азаматтығын қабылдау арқылы достарымның санын одан сайын көбейте алдым. Бір сөзбен айтқанда тез сіңісіп кеттім. Кейін қазақ жерінде биіктерге көтеріліп, Олимпиа­да шыңына шықтым. Бұл үшін де мен осы елге қарыздармын.
Жалпы, қазақ жері құшағына жүз­ден астам ұлт өкілдерін сыйғызған. Бәрі бір-бірімен тату. Ұлт араздыққа ешқа­шан жол берілмеген. Мұның барлығы Ұлт көшбасшысы Нұрсұлтан Назар­баев­тың көреген саясатының арқасы деп есептеймін. Жыл сайын елімізде Қазақстан халықтарының ассамблеясы өтіп тұрады. Ал біле білсеңіз, бірде-бір елде мұндай Ассамблеялар ұйымдас­тырылмайды. Бұл біздегі ұлттардың татулығының беріктігінің белгісі болса керек.

Елена Павлова, Қазақстан волейболының даңқты волейболшысы:
– Менің бармаған жерім, баспаған та­уым жоқ. Дәл қазір «Жетісу» коман­дасымен бірге Вьетнамдағы турнирде жүр­міз. Ой­ын­шы кезімде Франция, Швей­цария, Жа­пония біріншіліктерінде ойнадым. Бірақ ешбір ел, ешбір жер Қазақстанға жетпейді ек­ен. Сенесіз бе, сапарым қанша керемет бол­са да, Қа­зақ­станға оралғанда «әйтеуір үйіме жет­тім-ау» деп толқимын. Шыны ке­рек, Өз­бекстанның Ташкентінде туып, өс­сем де, өзім үшін Қазақстаным ыс­тық. Ке­зін­де маған Қазақстанмен бір уа­қытта Ресей де азаматтықтарын ұс­ын­ған. Бар жағ­дайымды жасауға уәде берген. Бірақ мен Қазақ елін таң­да­дым. Өйткені қазақ­тың кең пейіл­ді­лігі, ықыласы, тәрбиесі бә­рі-бәрі жан дүние­ме жақын.

Бақыт Ахметов, Ауыр атлетикадан Қазақстан жастар құрамасының аға бапкері:
– «Қазақ-қырғыз бір туған» деген кере­мет сөз бар ғой. Мұны қазақтар да, қыр­ғыз­дар да күнделікті өмірле­рін­де пайдала­на береді. Сондықтан шы­ғар, алғаш Ал­ма­тыға келіп, Қазақ елі­нің азаматтығын алған кезімде мені жергілікті жұрт бірден жылы қабылда­ды. Осы уақытқа дейін бірде-бір қазақ баласы «сен қырғызсың» деп кеу­дем­нен итерген емес.
Жалпы, қазақ халқының құшағы кең ғой, бәрін де бауырындай көреді. Сондық­тан мен де өз тарапымнан Қазақстан спор­тының өркендеуі үшін қолымнан келгенді аямаймын.
Спортшы кезімде біраз биіктерді ба­ғын­дырдым. Әттең, Олимпиаданың жүл­де­сі уысыма түспеді. Дегенмен сол олқы­лық­тың орнын толтырып, енді шәкірт­терім­ді Олимпиада шыңына шығарсам деймін. Негізі, қазақ пен қырғыздың бір-біріне деген ықыласы ықылым заманнан керемет болған ғой. Ынтымағымыз берік болсын!

Марина Вольнова, бокстан Лондон Олимпиадасының қола жүлдегері:
– Қызылорда облысының Қазалы ауда­нында өстім. Қалың қазақтың ор­та­сында жүріп қазақ тілін меңгеріп алдым. Тек үйде ғана орысша тілдесе­ті­німіз болмаса, көбіне қазақша сөй­лесемін. Отбасымызда анам­нан басқа­сы – әкем мен екі ағам да қазақ тілінде өте жақсы сөйлейді. Анам қа­зақша тү­сінгенімен, жөнді сөйлей алмай­ды. Қа­зір мемлекеттік тіл мәселесі елімізде өзекті. Ақиқатын айтқанда, Қазақстан­ның әрбір азаматы осы елдің тілін білу­ге мін­детті. Сондықтан қазақ тілінде сөйлей ала­тын өзге ұлт өкілдеріне таң­ғалып қараудың қажеті жоқ. Тағы бір айтарым, қазақ тілін кі­тап арқылы үй­ре­немін деу бекершілік. Бір-бірімен тек қазақ тілінде сөйлесіп, ара­ласқанда ға­на тілді тез меңгеруге болады.

Денис Тен, мәнерлеп сырғанаудан әлемнің вице-чемпионы:
– Неге екені белгісіз, журналис­терден «басқа елдер өздеріне шақырса, барасыз ба?» деген сұрақты көп ести­мін. Шынын айт­сам, осындай сауал­дар­ға жыным келе­ді. Құдды бір өзімді масқаралап тұрғандай сезінемін. Ме­нің отаным – Қазақстан! Ос­ын­да ту­дым, осында өндім. Қазақтың на­нын жедім. Неге мен басқа елдің намысын қорғау керекпін? Неге осындай сұрақ­тар қояды. Түсінбеймін. Жалпы, қарық қылғысы келген елдер өте көп. Тіпті Ресейдің өзі «бізге кел, бар жағдайыңды жа­саймыз» деп, өз­де­ріне шақырған. Бірақ біріне де ішім жылымады. Өйткені мен осы елдің на­ғыз патрио­тымын! Ат басындай ал­тын берсе де, Қа­зақстан­нан ешқайда кет­пеймін. Кейін спорттан кеткеннің өзінде Қазақ­стан үшін жұмыс жасап, жас ба­ла­ларды тәр­бие­леуге ат­салысамын.