Қазақстандағы АҚШ-тың бас консулдығы білім беру мен туризмге арналған «Америкалық арман» атты көрмеге шақырады. Шарада Американың 30-ға жуық университеті өздеріндегі білім алу мүмкіндіктерімен таныстырады.
Бас консулдық өкілдерінің хабарлауынша, көрме қазанның 19-ы күні «Алматы Тауэрс» ғимаратында сағат 12:00-18:00 аралығында өткізіледі. Бұл жерден жергілікті жастар EducationUSA кеңес беру орталығы мамандарынан АҚШ-тың жоғары оқу орындарына түсудің шарт-талаптары жайлы мәлімет ала алады. Көрмеде түрлі университеттер таныстырылып, Америкаға саяхат жасаудың тиімді амалдары айтылады. АҚШ тарапы қазақстандық жастарды тарту үшін арнайы концерт, дастарқан, ойын-сауықтық бағдарлама және автокөліктер мен мотоциклдер жарысын да ұйымдастырып отыр. «Қазақстан азаматтарына Америкаға туризм немесе білім алу мақсатымен барып- қайтуына тамаша мүмкіндік жасап отырмыз. Бұрын-соңды мұндай кең көлемдегі шара болмаған еді. Әлемнің 4000-нан астам жетекші университеті АҚШ-та орналасқан. Қазақстандық туристер мен студенттердің ұлғаюы біздің елдеріміз арасындағы қарым-қатынасты нығайтады деп сенеміз», – дейді бас консул Тереза Гренчик. Айта кетейік, биыл тамыз айынан бастап, АҚШ Қазақстан азаматтарына бес жылдық визаларды беретін болды. Іскерлік, туристік, студенттік және айырбас бағдарламалары бойынша берілетін визаның құны – 160 доллар.
Көрілген: 1606 Пікірлер: 0