Анығы – осы
«Алаш айнасы» газеті ел ішінде жиі айтылып, жиі жазылса да, көп адам мән-мағынасын біле бермейтін кейбір сөздерге талдау жасайтын болады. «Анығы – осы» айдары арқылы газетіміздің әр санында мән-мағынасы беймәлім сөздердің түбірі неден шыққаны, халық арасында тез тарап кетуіне не себеп деген сұрақтарға жауап іздемек. Мәселен, қазіргі уақытта қазақ тілінде кірме (парсы және араб тілінен енген) сөздерді айтпағанда, арамызда қазақтың кейбір сөздерінің мағынасын түсіне бермейтін қандастарымыз баршылық. Сондықтан біз бүгінгі санда қазақтың салт-дәстүрі, ұлттық өнерінің бірқатарын тізбектеп шықпақпыз.
ТАЛАҚ – араб тілінен енген сөз. «Әйелінен ажырасу, некелерін бұзу» деген мағынаға саяды. Ислам дінінде талақ ету тізгінін ер кісіге берген. Мұның екі негізгі себебі бар: біріншіден, егер талақ ету мүмкіндігі әйелге берілетін болса, онда ажырасулар көбейіп кетер еді. Өйткені әйел – өте сезімтал халық. Ол кейде ашуланған, яки мазасыз немесе сол секілді әртүрлі жағдайларда сезімге беріліп, күйеуін талақ етуі мүмкін. Оның үстіне талақ үш мәрте беріледі. Егер әйелге берілсе, ол осы үш мүмкіндігін бір сәтте орындап жіберуі ықтимал. Тіпті күйеуі нашар, өзі аса сезімтал болса, күнде талақ етуі мүмкін. Екіншіден, отбасының дүниелік жүгі ердің мойнына артылғандықтан, ол талақ мәселесінде аяғын аңдап басуға мәжбүр. Һәм ислам дінінде ері әйеліне неке кезінде не болмаса одан кейін де талақ ету мүмкіндігін беруіне де болады. Исламнан бұрын, арабтар әйелдерін қалаған кезде талақ етіп, қалаған шақта қайта алатын. Отау құруды, шаңырақ көтеруді ойыншыққа айналдырған осы әрекеттеріне хақ дін тыйым салып, үш талақпен шектеген. Талақтың рүкіні мен шарттары: рүкін – бір нәрсенің негізін құрайтын бөлшек. Талақтың рүкіні әйелін талақ етердегі айтылатын арнайы сөзі мен тәсілі. Яғни тікелей «сені талақ еттім», «біз ажырастық» деп ашық білдіргені секілді ауыспалы мағынамен «үйден кет», «бұдан былай көзіме көрінуші болма» деген сөздер. Сондай-ақ талақтың шарты да бар. Ол шарт – негізгі бөлшектерден тыс, бірақ сол негіздердің құралуына арқау болған бөлшектер. Мысалы, намаз оқудан бұрын оның дәрет алу деген шарты бар. Ендеше, талақтың да іске асуы үшін оған мынадай шарттар қажет: талақ ететін ердің ақыл-есі түзу және ояу болуы. Талақ етілетін әйелдің сол ерге некесі қиылған әйелі немесе «ғиддат» мерзіміндегі әйелі болуы шарт.
Құрметті оқырман!
Газетіміздің алдағы сандарында да қазақтың әдет-ғұрып ишараларын бөлім-бөлімімен назарларыңызға ұсынатын боламыз.
Жарияланған сөздерге қатысты айтар ой, қосар пікірлеріңіз бен ұсыныстарыңыз болса хабарласа жүріңіздер!
Байланыс телефоны: 8 /727/ 3 888 062