Анығы – осы
«Алаш айнасы» газеті ел ішінде жиі айтылып, жиі жазылса да, көп адам мән-мағынасын біле бермейтін кейбір сөздерге талдау жасайтын болады. «Анығы – осы» айдары арқылы газетіміздің әр санында мән-мағынасы беймәлім сөздердің түбірі неден шыққаны, халық арасында тез тарап кетуіне не себеп деген сұрақтарға жауап іздемек. Мәселен, қазіргі уақытта қазақ тілінде кірме (парсы және араб тілінен енген) сөздерді айтпағанда, арамызда қазақтың кейбір сөздерінің мағынасын түсіне бермейтін қандастарымыз баршылық. Сондықтан біз бүгінгі санда қазақтың салт-дәстүрі, ұлттық өнерінің бірқатарын тізбектеп шықпақпыз.
ЖАРАПАЗАН — қазақ даласында ислам діні берік орын тепкеннен кейін пайда болған тұрмыс-салт жырларының бір түрі. Ол ел арасында ораза ұсталатын рамазан айында айтылады. Кешкілік ауызашар кезінде ауылдың өлең айтуға бейімі бар жастары жиылып, әр үйдің тұсына келіп жарапазан айтады. Оны ешкім ерсі санамайтын болған, қайта үйден шама-шарықтарына қарай сыйлық алып шығып, жарапазаншыларды риза етіп жіберетін болған. Жарапазан мәтіні айтыла-айтыла әбден қалыптасқан жаттанды шумақтардан құралады. Мазмұн жағынан оны шартты түрде үш бөлікке бөлуге болады. Ең алдымен жарапазаншы үйді, үй иесін мадақтаудан бастайды. Одан ислам дінінің шарттарын уағыздап, имандылыққа шақырып, өсиет айтады. Соңы бата берумен аяқталады. Әрине, айтушы өзінің қабілет-қарымына орай, жаттанды мәтіннің қаңқасын бұзбай, өз ойынан да шумақтар қосып айта береді. Үй иесінің көрсеткен құрмет-сыйына қарай оның жомарттығын, шүлендігін марапаттап, алғыс-тілек те айтады. Кейде көңілден шықпағандарды қуақы тілмен келекелеп, әзіл-қалжыңға да айналдыратын сәттер болады. Жарапазанды жоқ-жітік замандарда дүние табу кәсібіне айналдырғандар да болған. Дегенмен, жарапазанның негізгі мақсаты — ораза айында ел көңілін көтере жүріп, ислам дінін насихаттау, жұртты шариғатқа, иманға ұйыту, береке-бірлікке, ізгілікке шақырудан туған. Оған, әсіресе, жастар мен балалар белсенді атсалыса жүріп, өздері де үлгі-өнеге алған. Кеңестік дәуірдегі шектеулердің салдарынан ұмытыла бастаған жарапазан ислам дінінің жандануына байланысты қайтадан салтқа еніп келеді. Жарапазан айтуға балалар да араласқан, олар, әрине, үлкендер шығарған өлеңдi жаттап айтатын болған.
Астымдағы тана-ды,
Жатайын деп барады.
Батайын деп барады,
Қасымдағы бала едi,
Қайтайын деп барады,
– деген жарапазан айтушылар тобында балалардың болатындығын бекiте түседi. А.Байтұрсыновтың «...ораза уақытында балалар, бозбалалар түнде үйдiң тұсында тұрып жарапазан өлеңiн айтады», – деп жазуы да осының дәлелi. Жарапазан айту салты көпшiлiк жерлерде бүгiнге дейiн сақталған, елдiң кейбiр түкпiрлерiнде бүгiнге дейiн бар және оларды айтушылар негiзiнен балалар болған. Бiрақ бұл кезеңде жаңа текст тумаған, тек балалар үлкендерден үйренiп, жаттап алып айтқан. Сондықтан да болар, 1943 жылы шыққан «Бөбек жыры» атты жинақ дәстүрлi жарапазан жырының үлгiлерiн толық қамтыған бiрден-бiр кiтап болып келедi.
Жарапазан айтуға балалардың қатысуынан жыр құрылысының қарапайымдылығы, жаттауға жеңiлдiгi, мәтін астарында әсiрелеу элементтерi мен жеңiл әзiл, мысқылдық, ойындық элементтердiң жататындығы да аз әсер етпеген. Балалардың әдет-ғұрып жырларына қатынасы, әрине, мұнымен шектелiп қоймайды. Қай халық өмiрiнде болмасын, балалар әдет-ғұрып салттарына да қатыстырылған. Бiрақ балалар бұл ғұрып-салттардың мәнiн терең түсiне бермеген, көпшiлiгiн әуестiкпен жаттап алған жырларын өз түсiнiктерiне, тiл ерекшелiктерiне, ойын аралас өмiрлерiне ыңғайлап, өңдеп әндетедi. Мысалы, жарапазан жырлары балалар арасында ешқашан тұтас күйiнде емес, тек үзiк-үзiк күйiнде ғана, әртүрлi жағдайға байланысты айтылады.
Құрметті оқырман!
Газетіміздің алдағы сандарында да қазақтың әдет-ғұрып ишараларын бөлім-бөлімімен назарларыңызға ұсынатын боламыз.
Жарияланған сөздерге қатысты айтар ой, қосар пікірлеріңіз бен ұсыныстарыңыз болса, хабарласа жүріңіздер!
Байланыс телефоны: 8 /727/ 3 888 062