Анығы – осы
«Алаш айнасы» газеті ел ішінде жиі айтылып, жиі жазылса да, көп адам мән-мағынасын біле бермейтін кейбір сөздерге талдау жасайтын болады. «Анығы – осы» айдары арқылы газетіміздің әр санында мән-мағынасы беймәлім сөздердің түбірі неден шыққаны, халық арасында тез тарап кетуіне не себеп деген сұрақтарға жауап іздемек. Мәселен, қазіргі уақытта қазақ тілінде кірме (парсы және араб тілінен енген) сөздерді айтпағанда, арамызда қазақтың кейбір сөздерінің мағынасын түсіне бермейтін қандастарымыз баршылық. Сондықтан біз бүгінгі санда қазақтың салт-дәстүрі, ұлттық өнерінің бірқатарын тізбектеп шықпақпыз.
ҚЫЗ АЛЫП ҚАШУ – үйлену ғұрпының бір түрі. Дәстүрлі қазақ қоғамында кейде жол-жоралғы жасап, қалыңмал беруге шамасы келмейтін жігіттің ұнатқан қызын екеуара келісімнен кейін жүзеге асырылатын ғұрып. Екі жастың ата-аналары арасында келісім болмаған және қызды өз еркінен тыс алып қашқан жағдайда жігіт жақ ағайын мен билер кеңесінің шешімі бойынша айып төлеуге тиіс болды. Алайда екі жақ өзара келісе алмай, қыз алып қашудың соңы үлкен жанжалға ұласатын кездер аз болмаған. Сондықтан қазақ қоғамы «Жер дауы мен жесір дауына» жол бермей, ел арасының ынтымағы мен тыныштығын сақтауға ұмтылған.
САБАНТОЙ — түркі халықтарында (татар, башқұрт, ішінара қазақтарда) тойланатын мейрам. Егін жинау науқанынан кейін күзде өткізіледі. Сабантой мейрамы ХХ ғасырдың 90-жылдарынан бастап Татарстан Республикасында мемлекеттік деңгейде аталып өтіледі. Мұнда ұлттық спорт түрлері: күрес, ат жарысы, жаяу жарыс секілді спорттық сайыстар өткізіледі. Ұлттық киімдерін киіп шыққан жастар ана тілінде ән айтып, би билейді. Ұлттық тағамдар әзірленіп, ұмытылып бара жатқан ұлттық дәстүрлерді еске түсіріп, театрландырылған қойылымдар көрсетіледі.
ТҰЛДАУ. Нәзір беріліп, аят оқытылып, қаза болушы үлкен кісі, ауыл ақсақалы, беделді кісілерден болса, өзі тірі күнінде мініп жүрген атын немесе басқа бір бас жылқыны арнаулы атап, жылын беруден бұрын аттың жалын күзеп, құйрығын кесіп, кекіліне ақ байлап, жаздай өріске бос қоя береді. Ал сол кісі тірі күнінде мінген ер-тұрманын жүкке жинап, ер басына сол кісі киіп жүрген баскиімін кигізіп, қамшысын алдыңғы қанжығасына іліп, жылын күтеді. Мұны «тұлдау» деп атаймыз. Жылын бергенде тұлданған жылқының басы жағынан ажыратылып, бітеу (бөлшектелмей) пісіріледі. Жылына келген жамағат тарқап кеткенде артында молда-қожалар, туыс-туғандары іркіліп қалады да, тұлданған нәрселерді орнынан қозғап, жабулы тұрған жапқыштарды ашады. Мұны «туын жықтық» деп атайды да, жылқының басы табаққа салынып, молдалар мен қалған туыстардың алдына тартылады. Бір жігіт жылқының піскен басының құйқасын кертіп-кертіп жұртқа таратады. Соңында жылқының басы таза мүжіліп, ағаштың басына ілініп қойылады.
Құрметті оқырман!
Газетіміздің алдағы сандарында да қазақтың әдет-ғұрып ишараларын бөлім бөлімімен назарларыңызға ұсынатын боламыз.
Жарияланған сөздерге қатысты айтар ой, қосар пікірлеріңіз бен ұсыныстарыңыз болса, хабарласа жүріңіздер!
Байланыс телефоны: 8 /727/ 3 888 062