Анығы – осы
«Алаш айнасы» газеті ел ішінде жиі айтылып, жиі жазылса да, көп адам мән-мағынасын біле бермейтін кейбір сөздерге талдау жасайтын болады. «Анығы – осы» айдары арқылы газетіміздің әр санында мән-мағынасы беймәлім сөздердің түбірі неден шыққаны, халық арасында тез тарап кетуіне не себеп деген сұрақтарға жауап іздемек. Мәселен, қазіргі уақытта қазақ тілінде кірме (парсы және араб тілінен енген) сөздерді айтпағанда, арамызда қазақтың кейбір сөздерінің мағынасын түсіне бермейтін қандастарымыз баршылық. Сондықтан біз бүгінгі санда қазақтың салт-дәстүрі, ұлттық өнерінің бірқатарын тізбектеп шықпақпыз.
ДҮРЕ (салт, әдет). Жазаның ауыр әрі масқаралау түрі – дүре салу. Көбінесе жазалының құйрығын жалаңаштап қойып жазасына қарай 25, 50, 75, 100 қамшы дүре соғылады, яғни ұрады. Дүре үстінде өліп кеткендерге құн төленбейді. Мұндай ауыр жаза ұрыларға, опасыздарға, ауыр қылмыскерлерге, қолға түскен барымташыларға, өшті-қасты адамдарға беріледі, кек алу жолында да қолданылады. Дүре көп алдында соғылады және оның әлеуметтік, тәрбиелік, заң жолында да атқаратын қызметтері бар. Мысалы, мұндай жазаны көрген адамдар қылмысқа көп бара бермейді.
ӘДЕП (дәстүр, тәрбие). «Әдепті дегенше, әдемі десейші» (Мәтел).
Үлкен-кіші болсын әдеп сақтау халықтық тәлім-тәрбиенің аса үлгілі, тәрбие ісіндегі қалыптасқан заңы, жолы бар ерекше қасиетті тәлімдік дәстүрі. Ұлтымыздың үлкеннің кіші алдындағы, кішінің үлкен алдындағы, еркектің әйел алдындағы, әйелдің еркек алдындағы әдеп сақтаудың тамаша үлгілері өте көп. Мысалы, үлкеннің жолын кеспеу, бұрын сөйлемеу, келінге сыпайы сөйлеу, ата алдындағы иба, халық ортасындағы инабат, мешіт ішіндегі әдептілік, сәлем беру, сәлем алу жолы, тағы сол сияқты адамгершілік, сыйлау, сыйласу халқымыздың ертеден келе жатқан әдеті әрі ғұрпы. Бұлардың бәрі жасына қарамастан тәртіп, тәрбие жолына үздіксіз әрі үзіліссіз қызмет етіп келеді. Әдептілік – әр адамның бет бейнесі, өзін-өзі таныту жолындағы іс-үлгісі, адамның қасиеті екені сөзсіз.
Құрметті оқырман!
Газетіміздің алдағы сандарында да қазақтың әдет-ғұрып ишараларын бөлім-бөлімімен назарларыңызға ұсынатын боламыз.
Жарияланған сөздерге қатысты айтар ой, қосар пікірлеріңіз бен ұсыныстарыңыз болса, хабарласа жүріңіздер!
Байланыс телефоны: 8 /727/ 3 888 062