Анығы – осы
«Алаш айнасы» газеті ел ішінде жиі айтылып, жиі жазылса да, көп адам мән-мағынасын біле бермейтін кейбір сөздерге талдау жасайтын болады. «Анығы – осы» айдары арқылы газетіміздің әр санында мән-мағынасы беймәлім сөздердің түбірі неден шыққаны, халық арасында тез тарап кетуіне не себеп деген сұрақтарға жауап іздемек. Мәселен, қазіргі уақытта қазақ тілінде кірме (парсы және араб тілінен енген) сөздерді айтпағанда, арамызда қазақтың кейбір сөздерінің мағынасын түсіне бермейтін қандастарымыз баршылық. Сондықтан біз бүгінгі санда қазақтың салт-дәстүрі, ұлттық өнерінің бірқатарын тізбектеп шықпақпыз.
ЖЫРАУ. Ордада ханның қасында әр уақытта ақылшы жыраулар болған. Жыраулар – халық поэзиясын жасаған ақылгөй даналар. Олар заманының өздері куә болған елеулі уақиғаларын, тарихи кезеңдерді жырға қосқан... Жыраулар поэзиясына дейінгі әдебиет халық жасаған ауыз әдебиеті деп аталды. Жыраулар поэзиясы Қазақ хандығы құрылғаннан бастап (XV ғасыр) өріс алды. XV ғасырда Асанқайғы, Казтуған жыраулар өмір сүрді.
Жырауларды халық қадір тұтқан. Ел толқыған кезде, бүлікшілік шыққанда немесе ел шетіне жау келген кездерде ақыл-кеңес сұрайтын болған. Мұндай кезде жырау жұртшылықты абыржымауға шақырып, оларға күш-қуат беріп (дем беріп), істің немен тынатыны жайлы болжамдар айтып отырған. Жыраулар поэзиясы ХV-ХVII ғасырлар аралығын қамтиды. Жырау деген атау «жыр» сөзінен шыққан. Жыршы деп көптеген эпостық жырларды жатқа білетін, дайын репертуары бар айтқыштарды таныған. Жыраулар өз шығармаларын ақыл-нақыл, өсиет түрінде айтқан. Олардың толғауларының негізгі тақырыптары: туған жерді, елді сүю, Отанды қорғау, елді бірлікке шақыру, адамгершілік қасиетті насихаттау. Жыраулар поэзиясының біраз үлгілері осы тарауда ұсынылып отыр. Соларды оқып-үйрену барысында халқымыздың атадан мирас болып қалған сөз маржандарына қанығасыңдар, халқымыздың басынан кешірген тарихи кезеңдерімен таныс боласыңдар, оның қадір-қасиетін білесіңдер, тәлімдік, танымдық, тағылымдық терең ой дүниесіне енесіңдер. Әдебиет тарихы ел тарихы, халық тарихы екеніне көз жеткізесіңдер.
ЖЫРШЫ – жыр айтушы, таратушы. Жыршылар домбыраның не қобыздың сүйемелдеуімен мақаммен, әнмен айтады. Сондай-ақ эпикалық шығармаларды да орындайды деген жауап бар. Жыршы жыраулармен бірге өмір сүрген және оған дейін де болған. Әдебиет тарихында жыршылар орны ерекше. Себебі бүкіл жыраулар поэзиясы болсын, эпостық жырлар болсын — халық ауыз әдебиетінің барлық үлгісі осы жыршылар арқылы жеткен. Жыршылар кейде өз жанынан белгілі бір тарихи оқиғаларды дастан етіп жырлағандықтан жыраулар деп те аталып жүрген.
Құрметті оқырман!
Газетіміздің алдағы сандарында да қазақтың әдет-ғұрып ишараларын бөлім-бөлімімен назарларыңызға ұсынатын боламыз.
Жарияланған сөздерге қатысты айтар ой, қосар пікірлеріңіз бен ұсыныстарыңыз болса, хабарласа жүріңіздер!
Байланыс телефоны: 8 /727/ 3 888 062