Анығы – осы
«Алаш айнасы» газеті ел ішінде жиі айтылып, жиі жазылса да, көп адам мән-мағынасын біле бермейтін кейбір сөздерге талдау жасайтын болады. «Анығы – осы» айдары арқылы газетіміздің әр санында мән-мағынасы беймәлім сөздердің түбірі неден шыққаны, халық арасында тез тарап кетуіне не себеп деген сұрақтарға жауап іздемек. Мәселен, қазіргі уақытта қазақ тілінде кірме (парсы және араб тілінен енген) сөздерді айтпағанда, арамызда қазақтың кейбір сөздерінің мағынасын түсіне бермейтін қандастарымыз баршылық. Сондықтан біз бүгінгі санда қазақтың салт-дәстүрі, ұлттық өнерінің бірқатарын тізбектеп шықпақпыз.
БАБА – бала әкесінің атасы, яғни бабасы – арғы атасына қатысты туыстық атау. Дәстүрлі ортада қолданылатын баба сөзі өзінің түпкі мағынасы – туыстық қатынасты білдіретін атау ауқымынан кеңейіп, туыс болмаса да, ақыл-парасатымен ел құрметіне бөленген, ақылшы болған, ұрпаққа жақсы үлгі-өнеге қалдырған үлкен жастағы данагөй қарияларды да баба деуге болады. Ондай жандарды бүкіл әулет, ұрпақ, ауыл-аймақ ардақ тұтады. Алыс сапарға аттанарда арнайы барып батасын алып, есен-сау оралған кездерде сәлем беріп, қошемет көрсетіледі. Көп жасаған, көрген-түйгені мол қария адамдар – ел қазынасы. Оларды жазулы мұрағатына, сын сағаттарда жол көрсетіп, жөн сілтер ел серкесіне, ақыл-кеңес берер ақылгөйіне балап, елдің бірлігі, қауым ішіндегі және қауымаралық қатынастардың ырғақты қызметін үйлестіруші, оның нормалары мен дәстүрлі қалыптарының бұзылмауына кепіл бере алатын тұлға ретінде санаған.
ЖИЕН – баланың нағашы жұртымен туыстық қарым-қатынасын білдіретін ұғым, қыздан туған баланы қыздың төркіні және рулас адамдары, яғни нағашылары жиен деп атайды. Жиеннен туған баланы жиеншар дейді. Қазақ дәстүрінде нағашы мен жиен арасында үлкен сыйластық үлгісі қалыптасқан. Олар бірін-бірі күндемейді, араларында бақталастық, қызғаныш болмайды, өзара әзілдесіп қалжыңдасады, «Жиенді ұрғанның қолы қалтырайды» деп, жиендерін барынша еркелетеді. «Балалығың ұстаса, нағашыңа бар» деген мәтел соны меңзейді. Жиендік жасқа қарамайды. Жиен нағашыдан үлкен болуы да мүмкін. Мұның нағашы-жиендік рәсімдерге кедергісі жоқ. Жиен жасына қарай жиен аға және жиен апа т.б. болып аталады.
БӨЛЕ – маңызы жөнінен жиен-нағашыдан кем түспейтін туыстық атау. Яғни ағайынды қыздардан өмірге келген балалар бір-біріне бөле болады. Егер үйелмелі-сүйелмелі, бір әке-шешеден жаратылған қыздардың балалары өзара қарын бөле болса, бел немере ағайынды жігіттердің қыздарынан тараған ұрпақ жай ғана бөле деп аталады. Қарын бөле аталуының себебі – ағайынды қыздардың бір құрсақтан жаратылуы.
Құрметті оқырман!
Газетіміздің алдағы сандарында да қазақтың әдет-ғұрып ишараларын бөлім-бөлімімен назарларыңызға ұсынатын боламыз.
Жарияланған сөздерге қатысты айтар ой, қосар пікірлеріңіз бен ұсыныстарыңыз болса, хабарласа жүріңіздер!
Байланыс телефоны: 8 /727/ 3 888 062