Анығы – осы
«Алаш айнасы» газеті ел ішінде жиі айтылып, жиі жазылса да, көп адам мән-мағынасын біле бермейтін кейбір сөздерге талдау жасайтын болады. «Анығы – осы» айдары арқылы газетіміздің әр санында мән-мағынасы беймәлім сөздердің түбірі неден шыққаны, халық арасына тез тарап кетуіне не себеп деген сұрақтарға жауап іздейді. Мәселен, қазіргі уақытта қазақ тілінде кірме сөздерді (парсы және араб тілдерінен енген) айтпағанда, арамызда қазақтың кейбір сөздерінің мағынасын түсіне бермейтін қандастарымыз баршылық. Сондықтан біз бүгінгі санда қазақтың салт-дәстүрі мен ұлттық өнерінің бірқатарын тізбектеп шықпақпыз.
ТҰЛЫМ ҚОЮ. Оған қатысты этнограф ғалым Тоқтабай АХМЕТ былай деді:
«Тұлымды көз тимес үшін қояды. Ата-ана баласы 1 жасқа толғанда, оның қарын шашын алып, төбесінде бір өрімдей ғана шаш қалдырып, оны өсіріп, көзді маржан, қаратас тағып, өріп қоятын болған. Тұлым қойған балаға арнап мал сояды. Ақсақалдарды шақырып, баласына бата алады. Сыйлы адамдардың отырған орнына аунатып, «балам осы адамдай болып өссін» деп тілек тілейді. Бірақ айдар шашты көбіне зарығып көрген балаға қойған». Ал ертеде хан ұрпақтары, бай-манаптар өздерінің ең жақсы көрген және орнымды басады-ау деген балаларына ғана тұлым қойған екен. Тұлымды 12 жасқа толғанда алып, алғашқы мүшел жасының құрбандығы ретінде ел-жұртқа көрсетіп, мал сойып, баласының ержеткендігін паш етіп, елдің батасын алатын да салт бар. Мысалы, тай халқы аурушаң балаға тұлым не айдар қойса, сауығып кетеді сенген. Сондай-ақ өте сүйкімді балаларды жын-пері айналдырғыш келеді, жын-періні тұлым шаш үркітеді деп есептеген. Тылсым күштерден қорғайды деген сеніммен баланың шашын түрлі пішінде өсіретін елдердің қатарында қытайлар, кәрістер мен мысырлықтарды да атауға болады. Ал өсе келе бозбала кежім жібереді. Кежім – желкеден жіберетін шаш. Кеңес кезінде айдар, тұлым, кежім қою дәстүрі ұмытылды деуге болады. Қытайдан келген қандастарымыз осы дәстүрді жаңғыртып, тарихи фильмдерде де көшпелінің бұрынғы кейпі тіріле бастады. Қазір тәуелсіз Қазақстан ұландарын тұлымды жігіттер сипаттайтын сияқты. Әрине, көңілің өседі.
БҰРЫМ – әйелдердің өрілген ұзын шашы. Қазақ халқының дәстүрлі дүниетанымында өрілген ұзын бұрым сұлулықтың сәні саналған. Оған шашбау тағып, айрықша күтімге алған. Бұрым жалғыз және қос өрім болып келеді. Шашты қырқып кеспей, тобығына дейін жеткізе өсіру – бойжеткеннің сымбатын асыратын сәні болған. Шаштың қоюлығы мен сұйықтығына қарай бұрым да үлкен және кіші болады. Жуан бұрымды жеңді білектей, қос бұрымды тау басынан құлаған бұлақтай деп ерекше мадақтаған. Бұрым өсіруге қыздар жас кезінен айрықша көңіл бөлген. Шешесі, жеңгесі немесе құрбы қыздары өруге көмектеседі. Сол өрімге маржан, күміс шашбау тағып безендірген де.
Құрметті оқырман!
Газетіміздің алдағы сандарында да қазақтың әдет-ғұрып ишараларын бөлім-бөліммен назарларыңызға ұсынатын боламыз.
Жарияланған сөздерге қатысты айтар ой, қосар пікірлеріңіз бен ұсыныстарыңыз болса, хабарласа жүріңіздер!
Байланыс телефоны: 8 /727/ 3 888 062