Анығы – осы
«Алаш айнасы» газеті ел ішінде жиі айтылып, жиі жазылса да, көп адам мән-мағынасын біле бермейтін кейбір сөздерге талдау жасайтын болады. «Анығы – осы» айдары арқылы газетіміздің әр санында мән-мағынасы беймәлім сөздердің түбірі неден шыққаны, халық арасында тез тарап кетуіне не себеп деген сұрақтарға жауап іздемек. Мәселен, қазіргі уақытта қазақ тілінде кірме (парсы және араб тілінен енген) сөздерді айтпағанда, арамызда қазақтың кейбір сөздерінің мағынасын түсіне бермейтін қандастарымыз баршылық. Сондықтан біз бүгінгі санда қазақтың салт-дәстүрі, ырым-тыйымдарының бірқатарын тізбектеп шықпақпыз.
Қонаққа қатысты ырым-тыйымдар мыналар:
• Үйге кіріп келе жатқан қонақ абайсызда сүрініп кетсе, үй иесі марқайған түрмен төрінен сыйлы орын ұсынады. Мұның түп төркіні «үйге күтпеген жерден байлық келеді, бақ дариды» деген ырымды білдіреді.
• Қонақ болып барған үйінде қызды төрге отырғызады. Себебі «қызда қырық шырақты бақыт бар» деп білетін халқымыз «сол бақыттың жұғыны қыз отырған төрде қалады» деп ырымдайды. «Қызда қырық періште бар» деген наныммен де қызды төрге шығарады. Өйткені сол періштелер қонақ күтуші үйге қонады. Сондай-ақ «қызда оттай ыстық мейір бар, қыз қонақ боп барған үйінде төрде отырса, бойындағы мейірі сол отбасына сіңеді» деген ырымды кез келген қазақтың біле жүгені жөн.
• Жолаушылап келе жатқан адам бір үйге сусын ішуге түсетін болса, сол үйдің есігіне тура беттеп келіп, аттан түспейді. Үй иесі сыртқа шыққанда, амандық-саулық сұрасқан соң, атының оң жағынан түседі және үйді айналмайды. Өйткені жау адамдар бөгде үйдің жай-күйіне қарамайды, баса-көктеп кіреді және өлімнің суық хабарын естірткелі келген адам да күй таңдамастан бірден үйге кіреді. Сол себепті бұл «жолаушының жүрісі жаман ырымға ұқсамасын» деген мағынаны білдіреді. Дос-жаран, ағайын-туыстар да оң тілеумен үйдің оң жағынан келіп, үйге оң аяқпен кіреді.
• Қыдырып, қонаққа келген жас баланы үйден құр қол қайтармайды. Бұл – «сәбидің меселі қайтпасын, көңілі қалмасын, жүрегі суымасын, келер бақытының беті қайтпасын, үйде оттай ыстық ықыласы қалсын» деген ырымнан туған ежелгі салт. Егер сәби үй иелерінен суық рай көріп, кейіген кейіппен қайтса, «бұл шаңырақтан – бақ, төрден – бақыт, дәннен ырыс кетеді» деп ырымдалады.
Үйде отырған қонақты саусақпен санамайды. Малды, қолға түскен тұтқындарды ғана саусақты шошайтып санайды.
Жалғасы келесі санда
Құрметті оқырман!
Газетіміздің алдағы сандарында да қазақтың әдет-ғұрып ишараларын бөлім бөлімімен назарларыңызға ұсынатын боламыз.
Жарияланған сөздерге қатысты айтар ой, қосар пікірлеріңіз бен ұсыныстарыңыз болса, хабарласа жүріңіздер!
Байланыс телефоны: 8 /727/ 3 888 062