Анығы – осы
«Алаш айнасы» газеті ел ішінде жиі айтылып, жиі жазылса да, көп адам мән-мағынасын біле бермейтін кейбір сөздерге талдау жасайтын болады. «Анығы – осы» айдары арқылы газетіміздің әр санында мән-мағынасы беймәлім сөздердің түбірі неден шыққаны, халық арасында тез тарап кетуіне не себеп деген сұрақтарға жауап іздемек. Мәселен, қазіргі уақытта қазақ тілінде кірме (парсы және араб тілінен енген) сөздерді айтпағанда, арамызда қазақтың кейбір сөздерінің мағынасын түсіне бермейтін қандастарымыз баршылық. Сондықтан біз бүгінгі санда қазақтың салт-дәстүрі, ырым-тыйымдарының бірқатарын тізбектеп шықпақпыз.
Қонаққа қатысты ырым-тыйымдар мыналар:
– Үлкен тойда, аста немесе салтанатты мерекелерде сыйлы қонаққа көк қасқа тай, ақ сары бас қой, атан түйе, дөнен өгіз сойылады. «Сонда барлық тілек қабыл болып, зор бақыт қонады» деп ырымдайды.
– Қонақ қонған түні мал төлдесе, қонаққа киіт кигізіп, «ақжолтай қонақ» деп, құрметпен шығарып салады. «Құтты қонақ келсе, қой егіз табады» деген сөз осындайдан шықса керек.
– Қонақ келгенде есікті үй иесінің өзі ашады. Ал қонақ шығарда, есікті қонақ өзі ашып шығады. «Қонақ үйге келгенде құт бірге кіреді, қонақ кетерде үй иесі есік ашып берсе, құт та әлгі кісімен бірге ілесіп кетеді» деп ырымдалады.
– Қазақ қыздары үйдегі қонақтың қарсы алдына келіп, талтайып отырмайды. «Мұндай қылық қызды ұятсыз іске ұрындырады, бақытсыздыққа душар етеді» деп ырымдайды.
– Қонақтың пышағы немесе бәкісі дастарқанмен бірге жиналып кетсе, қайтарып берілмейді. Қонақ ет тураған соң, пышағын өзі сүртіп, қынына салып алуы керек. Егер дастарқанмен бірге жиналып кетсе, пышағын сұрамайды. Сұраса, «қырық пышақ боп өштеседі» деп жориды.
– Қонаққа беретін тамақ «қонағасы» деп аталады. Қазақ үйіне келген қонақтың қайсысын болса да тойғызбай аттандырмайды.
– Сый табақпен екі кәрі жілік бірге тартылса, қонақ қуанады. «Оң жол болады, байлық келеді, бақ дариды» деп ырымдайды. Қонақ жіліктерді еттен тазалап, мүжіп, өзі алып кетеді де, үйінің босағасына іліп қояды.
– Қазақта кетік, сынық ыдыспен қонаққа ас бермейді. «Ыдыстың кетігінен шайтан қосарлана ас ішеді, қонақ қорланады, қонақтың жебеуші иесі шамданып, кәрін төгеді» деп ырымдайды.
– Қонақты сыйламас бұрын үй қожасының өзі астан ауыз тиюі керек. Бұл ырым арқылы астың адалдығы, үй иесінің қонақжайлығы танылады.
– Халқымыз үйге келген кісіге астан дәм татырмай жібермейді. Ертеде қазақтар бар болса, ет, ол болмаса, айран, ірімшік, құрт сияқты тағамдар ұсынатын болған. Асты қадірлейтін қазақ «дәм-тұзымды тат, расыңды айт» дейді. Қастандық қылған біреу жайлы «дәм-тұзыма тапсырдым» дейді. «Татқан дәмге қас қылған жігіт оңбас» деп өлеңдетеді.
Жалғасы келесі санда
Құрметті оқырман!
Газетіміздің алдағы сандарында да қазақтың әдет-ғұрып ишараларын бөлім бөлімімен назарларыңызға ұсынатын боламыз.
Жарияланған сөздерге қатысты айтар ой, қосар пікірлеріңіз бен ұсыныстарыңыз болса, хабарласа жүріңіздер!
Байланыс телефоны: 8 /727/ 3 888 062