Анығы – осы
«Алаш айнасы» газеті ел ішінде жиі айтылып, жиі жазылса да, көп адам мән-мағынасын біле бермейтін кейбір сөздерге талдау жасайтын болады. «Анығы – осы» айдары арқылы газетіміздің әр санында мән-мағынасы беймәлім сөздердің түбірі неден шыққаны, халық арасында тез тарап кетуіне не себеп деген сұрақтарға жауап іздемек. Мәселен, қазіргі уақытта қазақ тілінде кірме (парсы және араб тілінен енген) сөздерді айтпағанда, арамызда қазақтың кейбір сөздерінің мағынасын түсіне бермейтін қандастарымыз баршылық. Сондықтан біз бүгінгі санда қазақтың салт-дәстүрі, ырым-тыйымдарының бірқатарын тізбектеп шықпақпыз.
• Күн күркіреп, нөсер жауын жауып, найзағай жарқылдаса – үйдің іргесі отпен аласталады. Адамдар «бисмилла, бисмилла!» деп, иман келтіреді. Қазақ ұғымында найзағай – Алланың жын-шайтанға атқан оғы. Үй іргесін отпен аластаудың мәні – Құдай тағала даладағы жын- шайтанды атқылағанда, олар қашып келіп үйдің іргесіне тығылмасын дегені. Сондықтан оларды отпен қоркытып қуу керек. Іргені отпен аластамаса үйге жасын түсуі ықтимал. Адамдардың сәл пәледен шошып, зәре-құттары қалмайды.
• Жайшылықта мініс атының жал-құйрығы күзелмейді. Себебі ат иесі өлсе – оның мініс аты тұлданып, жал-құйрығы күзеледі, қаралы күйге келтіріледі. Сондықтан жайшылықтағы мініс ат сондай күйде көрінбесін дегені.
• Ауылдан атқа мініп аттанғанда артынан ит ере шықса, қуалап зорлықпен кері қайтармайды. Өйткені ит иесіне опадар. Мүмкін, жолы болар деп, жақсылыққа жориды.
• Адамның алақаны қышыса – ақша ұстайды, табаны қышыса – жол жүреді.
• Адам түшкірсе, «жәрікімалла» дейді.
• Мойын құяңның салдарынан қарысып қалғанда, кербез кісінің сыртынан сәлем жасаса, жазылады.
• Қолынан іс келмейтін адам бір шаруа жасаса, жерден шөп алып сындырады.
• Тамақ ішіп отырған адамның ыдысына шыбын, көбелек т.б. жәндік түсіп кетсе, оның несібесі көп болады.
• Жаяу аттылы немесе көлікпен келе жатқан адам жығылатын болса, тұрғаннан кейін оны сол жерде «ұшық-ұшық» деп ұшықтайды.
• Адам құлағы шуылдағанда жанындағы кісі қай құлағы екенін дәл тапса, оны біреудің мақтағаны, ал таба алмаса, жамандағаны болып шығады.
• Бетті басуға болмайды. Қайғы-қасіреттен қажыған адам ғана бетін басады.
• Қолды тарақтауға, артқа қусырып жүруге болмайды. Бұл – қолы байланған тұтқынды еске салатын жаман ырым.
• Тізені құшақтамайды. Бұл –«Ұрпақсыз қалдым», «қу тіземнен басқа құшақтар қалмады» деген жаман ырымды білдіреді.
• Жуған қолды сілкісе, ырыс несібе кетеді.
• Адамға қарап қолды шошайту әдепсіздік болып саналады.
• Саусақты, қолды, орынсыз ауызға салуға болмайды, бұл да – әдепсіздік белгісі.
• Екі қолды төбеге қойып отыруға болмайды. Басына қайғы-қасірет түскен адам ғана төбесіне қолын қойып отырады.
• Мықыныңды таянба. Бұл қайғы-қасірет шақырады деген жаман ырымды білдіреді.
• Есікті керме. Үйге ешкім кірмесін деген белгісі.
Құрметті оқырман!
Газетіміздің алдағы сандарында да қазақтың әдет-ғұрып ишараларын бөлім бөлімімен назарларыңызға ұсынатын боламыз.
Жарияланған сөздерге қатысты айтар ой, қосар пікірлеріңіз бен ұсыныстарыңыз болса, хабарласа жүріңіздер!
Байланыс телефоны: 8 /727/ 3 888 062