Анығы – осы
«Алаш айнасы» газеті ел ішінде жиі айтылып, жиі жазылса да, көп адам мән-мағынасын біле бермейтін кейбір сөздерге талдау жасайтын болады. «Анығы – осы» айдары арқылы газетіміздің әр санында мән-мағынасы беймәлім сөздердің түбірі неден шыққаны, халық арасында тез тарап кетуіне не себеп деген сұрақтарға жауап іздемек. Мәселен, қазіргі уақытта қазақ тілінде кірме (парсы және араб тілінен енген) сөздерді айтпағанда, арамызда қазақтың кейбір сөздерінің мағынасын түсіне бермейтін қандастарымыз баршылық. Сондықтан біз бүгінгі санда қазақтың салт-дәстүрі, ырым-тыйымдарының бірқатарын тізбектеп шықпақпыз.
• Жаңа түскен келін киім-кешегін қысқартса, нәрестесі кем туады немесе түсік тастайды.
• Әйел босанар кезде үйдегі сандықты босатып қояды, сонда әйел тез босанады.
• Адамның келіншек отырған жақтағы аяғы ұйып қалса, ол екіқабат екен деп ырымдайды.
• Екіқабат әйелдің күні жақындаған кезде «Жер-Ана, күш-қуат бере гөр» деп жалаң аяқ жүргізеді.
• Жас босанған немесе аяғы ауыр әйел түнде суға бармайды.
• Екіқабат әйелге пышақ, ара, қайшы ұстатпайды. Ұстаса, мерзімінен бұрын босанады.
• Бала кіндігіне оралып қалады деп екіқабат әйелге ине-жіп ұстатпайды.
• Бала ортан жіліктің майын жесе, ата-анаға мейірімсіз болады.
• Екіқабат әйел қоян етін жесе немесе қоян етіне жерік болса, баласы қоянжырық болады.
• Екіқабат әйел ұл туғысы келсе – еркектің қару-жарағын, қыз туғысы келсе – жүзік, сырға, моншақ, қызыл түсті мата жастанып жатады.
• Толғағы қатты болады деп екіқабат келіншекке толарсақ жегізбейді.
• Қонақ қызды үй иесі төрге шығарса, сол үйге құт келеді деп ырымдаған.
• Қыз бала дауысын қатты шығарып күлмейді.
• Қыз бала түнде шашын жаймайды.
• Баланың аңшылықтағы алғашқы олжасын несібесі кетеді, аңшылықта жолы болмайды деп ешкімге байлатпайды.
• Егер әйел қыз туа берсе, баланың жолдасын босанған әйелдің басынан үш рет айналдырса, ұл туады деп ырымдайды.
• Жас келіншек аяғы ауыр кезінде түйе етін жемейді. Себебі баласын түйе сияқты көп уақыт көтеріп, мезгілінде тумайды деген ырым бар.
• Әйел екіқабат кезінде жерігі қанбаса, одан туған баланың аузынан су ағып жүреді.
• Әйел босанар кезде үйдегі сандықты босатып қояды, сонда әйел тез босанады деп ырымдаған.
• Сәби анасының төсін ұстап отырып емсе – сараң болады, еркін емсе – жомарт болады дейді.
Құрметті оқырман!
Газетіміздің алдағы сандарында да қазақтың әдет-ғұрып ишараларын бөлім-бөлімімен назарларыңызға ұсынатын боламыз.
Жарияланған сөздерге қатысты айтар ой, қосар пікірлеріңіз бен ұсыныстарыңыз болса, хабарласа жүріңіздер!
Байланыс телефоны: 8 /727/ 3 888 062