Анығы – осы
«Алаш айнасы» газеті ел ішінде жиі айтылып, жиі жазылса да, көп адам мән-мағынасын біле бермейтін кейбір сөздерге талдау жасайтын болады. «Анығы – осы» айдары арқылы газетіміздің әр санында мән-мағынасы беймәлім сөздердің түбірі неден шыққаны, халық арасында тез тарап кетуіне не себеп деген сұрақтарға жауап іздемек. Мәселен, қазіргі уақытта қазақ тілінде кірме (парсы және араб тілінен енген) сөздерді айтпағанда, арамызда қазақтың кейбір сөздерінің мағынасын түсіне бермейтін қандастарымыз баршылық. Күнделікті өмірде көп кездесетін бірқатар тыйымдар мен ырымдарды ұсынбақпыз.
Адамның іс-әрекетіне қатысты тыйымдар
• Адамға қарап керілмейді, әдепсіздік болып саналады.
• Тырнақ тістесе, ырыс-несібе кетеді.
• Жақты таянбайды. Қайғы-қасіреттен әбден қажыған адам ғана жағын демеу етіп таянады.
• Бетті басуға болмайды. Қайғыдан қажыған адам ғана бетін басады.
• Тізені, табанды тартуға болмайды. Ауырған кісі тартады.
• Жуған қолды сілкісе, ырыс-несібе кетеді.
Киімге қатысты тыйымдар
• Киімді оң қолдан бастап киіп, сол қолдан бастап шешеді.
• Тозбаған киімді тастауға болмайды.
• Киімді сілкіп киген жөн, өйткені киімге жабысқан улы жәндіктер болса, ұшып түседі.
• Қыздарға ер баланың киімін киюге болмайды. Жаман ырым.
• Киімнің жағасын басуға болмайды.
• Баскиімді теріс киюге, лақтыруға болмайды. Баскиімді әрқашанда таза, ұқыпты ұстап, босағаға емес, төрге ілу керек.
• Қыз бала басына ақ, қара орамал тартпайды. Ақ – жаулықтың, қара қайғының белгісі болып саналады.
• Садақаға киім берсе, оның түймесін қиып алады.
Қоршаған ортаға байланысты тыйымдар
• Көкті жұлсаң, көктей соласың.
• Суға түкірмейді.
• Құстардың ұясын бұзуға болмайды. Қарғаса, үй-ішіңе кесапаты тиеді.
• Құмырсқаның илеуін бұзба.
Төрт түлікке қатысты тыйымдар
• Мал қораның сыртында болмаса ішінде ысқырмайды.
• Жас мал төлдегенде үйге қарыз сұрап келгендерге ештеңе бермейді.
• Малдың алдынан бос ыдыспен шықса, сүт азаяды.
• Малға дауыс көтеріп ұрысуға, ал жылқыны ауыздықпен ұруға болмайды.
Түнде мал санамайды және ешкімге бермейді
Құрметті оқырман!
Газетіміздің алдағы сандарында да қазақтың әдет-ғұрып ишараларын бөлім-бөлімімен назарларыңызға ұсынатын боламыз.
Жарияланған сөздерге қатысты айтар ой, қосар пікірлеріңіз бен ұсыныстарыңыз болса, хабарласа жүріңіздер!
Байланыс телефоны: 8 /727/ 3 888 062