Анығы – осы
«Алаш айнасы» газеті ел ішінде жиі айтылып, жиі жазылса да, көп адам мән-мағынасын біле бермейтін кейбір сөздерге талдау жасайтын болады. «Анығы – осы» айдары арқылы газетіміздің әр санында мән-мағынасы беймәлім сөздердің түбірі неден шыққаны, халық арасында тез тарап кетуіне не себеп деген сұрақтарға жауап іздемек. Мәселен, қазіргі уақытта қазақ тілінде кірме (парсы және араб тілінен енген) сөздерді айтпағанда, арамызда қазақтың кейбір сөздерінің мағынасын түсіне бермейтін қандастарымыз баршылық. Мәселен, осы санда төрт түлік пен құстарға қатысты бірқатар ырымдар мен тыйымдарды тізбектеп бермекпіз.
• Асқа, тойға, мереке-мейрамға бағышталып сойылған малдың еті сол үйдің адамдары ауыз тимей тұрып, басқаларға берілмейді. Қанын итке иіскетпей көміп тастайды. Бұл – жақсы тілеу басқаға аумасын, оң тілек ит-құсқа жем болмасын дегені. Сондықтан мұндай кезде ылғи нышанды мал сойылады. Дені сау көк қасқа тай, ақ сары бас қой, атан түйе, атан өгіз, ту бие секілді. Сондай мал сойылған соң қасиеті кетпесін дегені.
• Қазақ аққуды, сары ала қазды, бұлбұл мен жалғыз жүрген құсты ауламайды, атпайды. Өйткені бұлар киелі құс деп есептеледі.
• Сауысқан үйдің төбесіне қонып немесе үйге қарап шықылдаса, үйге қонақ келудің нышаны. Алыстан жолаушы келеді, жолаушылар аман-есен оралады деп ырымдайды... «Әлей-әлей, әлей, ақ сөйлей гөр!» деп тілек айтады.
• Қазақ ұғымында үкі – қасиетті құс, үкінің үлпілдек жүні, басы, сирағы және қауырсыны жын-шайтаннан қорғайды деп төсектің басына, бесікке, баскиімге қадайды.
• Малға оба тисе, қасиетті саналған адамдардың моласынан топырақ әкеліп ұшықтайды. Себебі оба да бір қасиеттің белгісі. Оның да күшті қорғаушысы болады деп ырымдайды.
• Түйе мойнын созып жіберіп, басын жерге салып жатса, ұзақ жол немесе көш басталады деп ұйғарады.
• Қоралы қойға қасқыр шапса, көк бөрінің аузы тиді, Көк Тәңірі қолдайды, мал өсіп, жан аман болады деп жориды.
• Түйенің ішіндегі аруананы соғымға соймайды. Егер соғымға соятын болса, бұл әулеттен күш-қуат, мейірім кетеді деп ырымдайды.
• Малды бауыздар алдында басын құбылаға қаратып тұрып бата жасайды. Алладан бұйыртып жегізуді тілейді. Онысы малдың еті дәмді, адал болсын деген.
Құрметті оқырман!
Газетіміздің алдағы сандарында да қазақтың әдет-ғұрып ишараларын бөлім-бөлімімен назарларыңызға ұсынатын боламыз.
Жарияланған сөздерге қатысты айтар ой, қосар пікірлеріңіз бен ұсыныстарыңыз болса, хабарласа жүріңіздер!
Байланыс телефоны: 8 /727/ 3 888 062