Астанада жаңа жылқы жылын қарсы алуға арналған мерекелік шаралар басталды. Бүгінгі Президент шыршасынан соң әкімдік ұйымдастыратын ойын-сауықтық бағдарламалар легі қаңтардың ортасына дейін созылады.
Астана қаласы әкімдігі ресми сайтының хабарлауынша, Президент шыршасы биыл «Ғажайыпқа толы Жаңа жыл» деп аталып отыр. Ол бүгін Оқушылар сарайында өтеді. Әдеттегідей мұнда қамкөңіл балалар жиналады. Ең қызықты ойындар, ең керемет сыйлықтар мен ең жүрекжарды лебіздер осында болады. Ертең дәл осы жерде Астана қаласы әкімінің жаңажылдық шыршатойы мерекеленеді. Желтоқсанның 21-інен қаңтардың 12-сіне дейін қалалық циркте «Хранители чудес» атты мерекелік бағдарламаны тамашалай алады. Конгресс-холл мен Жастар сарайы күн сайын балаларға арналған ертеңгіліктер өткізеді. «Қазақстан» орталық концерт залында да Жаңа жылға дейін мерекелік шаралар жоспарланған. Желтоқсанның 27-сі күні «Көрме» орталығында астаналық жаңажылдық бал өтеді. Ойын-сауықтардың шарықтау сәті – желтоқсанның 31-і күні қала әкімдігі алдындағы Орталық алаңда ұйымдастырылатын мерекелік концерт. Мұнда Астана қаласы мемлекеттік филармониясының солистері, эстрада жұлдыздары, Көңілді тапқыштар клубы резиденттері және танымал диджейлер өнер көрсетеді. Жаңа жыл қарсаңында Астанада 11 мұзайдын мен мұз мүсіндер ашылып отыр.
Көрілген: 2341 Пікірлер: 0