Құрметті оқырмандар назарына! «Алаш айнасы» желілік-басылымы Ақпарат комитетінің 2023 жылғы 01 қарашадағы № 15 бұйрығы негізінде 2023 жылғы 30 қазаннан бастап бұқаралық ақпарат құралы ретінде өз қызметін тоқтатты.

К сведению уважаемых читателей! Сетевое издание «Алаш айнасы» на основании Приказа Комитета информации № 15 от «01» ноября 2023 года прекратил свою деятельность в качестве средства массовой информации с 30 октября 2023 года.

Дидар дегеніне жетті

03 ақпан 2011, 14:47

Қазіргі қазақ айтыс өнерінің туын көтеріп жүргендердің арасында жасы да, жасамысы да жеткілікті деп шамаласақ, сол айтыскерлердің «Алаш айнасындағы» жазба айтысқа қатысамын дегендерінің ешқайсысының алдына көлденең тұрып жатқанымыз жоқ. Әлбетте, ақынның қабілет-қарымына, парасат-пайымына орай олардың сөз барымтасы да әртүрлі деңгейден шаң беріп жатыр. Кеше мәреге жеткен Еркебұлан Қайназаров (Астана) пен Дидар Қамиевтің (Қарағанды) газет бетіндегі айтысы да осының дәлелі. Соңғы бірер жылдың көлемінде топ жарып жүрген бұл екі айтыскер өз тұрғыластарының бойына шақ келетін сөзді қағазға түсіріп, қарша боратты. Жасқа тән астамдық та, ақынға лайық мінез де, екпін-ексім де жетіп артылды. Қайтсем де қарсыласымнан бір сөзімді асырып түсірсем деген өр талап әр қиянға алып кетіп жатқаны да байқалмай қалған жоқ. Білім, білік салыстыру үстінде жалпы ақиқатқа сілтеме жасау да, иманшартқа жүгіну де орын алды. Қайсысы болса да, көңілге қонымды.

Еркебұланның:
Жоқ едім мақтаншақтық үлгі ұсынған,
Қателік кетті-ау тағы «білгіш» ұлдан.
Мен емес, адамзаттың асыл тәжі –
Мұхаммедтен үлгі алар шын мұсылман! – деген шумағынан иненің жасуындай кінәрат таба алмадық. Жалпы, айтыс өлеңінің шеберлік деңгейі шарықтап кеткеніне осындай шымыр жолдар шын дәлел секілді. Ал Дидардың бізге таңдай қақтырған шумақтарының бірі мынандай:
Тіл – арың деп қаққанмен таңдай құр біз,
Бұл сөздің байыбына бармайды ұл-қыз.
Ар деген екі әріпті бұл күндері,
Екі бетке сыйдыра алмай жүрміз!
Елге, ұлтқа, өсер ұрпаққа өнеге айтам деген өнер иесі осылай кесек сөйлесе керек-ті.
Николайдың тілінде тәлім ап жүр
«Николодеон» көретін бүгінгі ұрпақ, – деген жол­дарда да қазақ қоғамының қасіреті айғайлап тұр­ғанын мойындауымыз керек. Осы жөнінен келгенде Дидар Қамиевтың ақындық өнері бір мысқал болса да ілгерірек болып көрінді. Сол себепті де жеңісті Дидарға бергіміз келді.