Қазақ елі Тәуелсіздік алғалы өнегелі ұрпақтарын ұлықтау іс-шаралары көптеп қолға алына бастады. Әрине, бұл істе хакім Абайдың үлгі-өнегесі, сап алтындай жарқыраған мұрасы айрықша көзге ұрып, бүгінгі өміріміздің кәдесіне жарауда.
Осындай игі істің бірі – Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде республикалық студент жастардың ІІІ «Абай әлемі» өнер фестивалі болып өтті. Хакім Абай даналығына құмартқан оқушылардың, жаттап өнеге тұтушылардың саны Қазақ елінде жылдан-жылға артып келе жатқандығы байқалады. Биылғы байқауға еліміздің барлық аймағынан 30 жоғары оқу орнының 90-ға жуық студенті қатысып, бақ сынады. Байқауда хакім Абай мұрасын насихаттауға ерекше мән беріліп, «Абайтану» ғылыми-зерттеу орталығын ашқан және барлық факультетке абайтану пәнін енгізген университет ректоры, академик Серік Пірәлиев құттықтау сөз сөйлеп, қатысушыларға табыс тіледі. Өнер фестиваліне қатысушылар хакім Абайдың қарасөздері, өлеңдері, әндері бойынша үш номинацияда жарысқа түсті. Қазылар алқасына қарасөздеріне – «Абайтану» ғылыми-зерттеу орталығының директоры Жабал Шойынбет, өлеңдеріне – педагогика ғылымының докторы, профессор Серғазы Қалиев, әндеріне әдебиет сыншысы, композитор Тұрсынжан Шапай төрағалық жасады. «Абайтану» ғылыми-зерттеу орталығының бес жылдығына байланысты ұжымның еңбектері қойылған кітап көрмесі таныстырылды. Дарынды актерлер Бекжан Тұрыс пен Ерлан Біләл Абай пьесасынан үзінді көрсетіп, Абай әндерінен үлкен концерт берілді.
Көрілген: 1725 Пікірлер: 0