Халықаралық жобада қазақ өнерін паш етеді
Лондонда әлемнің ұлттық музыкалық аспаптары қатарында домбыра да таныстырылатын болды. Orchestra of Samples аталатын халықаралық жобаның қатысушысы атанған «Алдаспан» тобына қазақтың төл аспабын насихаттау бұйырды. Жоба ұйымдастырушылары қазақстандық топ жайлы The Spirit of Tengri фестивалінің арқасында білген.
Нұржан Тойшы, «Алдаспан» тобының жетекшісі:
– Танымал дуэттің бұл жұмысы төрт жыл бұрын басталған. Содан бері дүниежүзінің этникалық музыка үлгілері, импровизациялық өнері жинастырылып жатыр. Олар бізден бір сағаттық материал жазып алды. Соның ішінен өз туындыларына қажеттісін іріктеп алып, әлемге таныстырады. Бұл – жеңіл-желпі дүние емес, кең аудиторияға арналған салмақты жоба. Біз осы халықаралық жобаға қатысып жатқанымызға өте қуаныштымыз. Оған қатысуға көмектескен The Spirit of Tengri фестиваліне, соның ішінде продюсер Жан Қастеевке алғысымыз шексіз.
Айта кетейік, қазір «Алдаспан» тобы қазақ және орыс тілдерінде екі альбом жазып жатыр. Олардың әрқайсысында сегіз тректен болады. Рок-топ ендігі композицияларын жаңаша дыбыстауға көңіл бөлмек. Ұжымның бұл жинақтарына «Алаш Медиа Групп» холдингі қолдау көрсетіп отыр.