«Танымал ерлер, күшті әйелдер». Жамбыл атындағы Мемлекеттік филармония мен Алматыдағы Гете институты желтоқсанның 6-сы күні Қазақстан – Германия музыканттарының осылай аталатын бірлескен концертіне шақырады.
Музыкалық бағдарлама «Лейпциг мектебі» көркемдік бағытының негізін қалаған Феликс Мендельсон-Бартольди және романтизм дәуірінің ең айтулы тұлғаларының бірі Роберт Шуман сияқты танымал ер композиторлардың және атақты болмағанымен, Еуропаның қоғамдық өмірінде елеулі із қалдырған Эльфрида Андре, Эмилия Майер сияқты әйел композиторлардың шығармаларынан тұрады. Сол себепті «Танымал ерлер, күшті әйелдер» аталып отыр. Концертте Гете, Шекспир және басқа да ақындардың өлеңдеріне жазылған увертюралар, балладалар мен кантаталар орындалады. Атап айтқанда, Ф.Мендельсон-Бартольдидің «Жазғы түндегі түс» оркестрлік пьесасы, «Вальпурга түні» кантатасы, Р.Шуманның «Миньонға арналған жаназасы», Э.Майердің «Фауст» увертюрасы және тағы басқа. Кеште ҚР Мемлекеттік академиялық симфониялық оркестрі мен Б.Байқадамов атындағы Мемлекеттік хор капелласы өнер көрсетеді. Хор мен оркестрдің дирижері – Берлин хоры мен оркестрінің бас дирижері әрі көркемдік жетекшісі Керстин Бенке. Солистер: меццо-сопрано әнші Милена Йуль, бас-баритон Зенке Тамс Фрайер, сопрано Гүлнәр Нұрғалиева, тенор Артур Ғабдиев, альт Роза Бақбергенова, альт Софияна Благодарная, тенор Хамит Отарбаев және бас Тайыр Тәжіғұлов. Шараға ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Германия Федеративті Республикасының Алматы қаласындағы Бас консулдығы қолдау білдіріп отыр.
Көрілген: 2193 Пікірлер: 0