Ә.Қастеев атындағы мемлекеттік өнер мұражайында «Қолға сезілетін бейнелер» атты интерактивті көрме ашылды. Қарашаның 25-іне дейін мұнда зағип жандар келіп, мүсіндер мен графикалық туындыларды ұстап көре алады.
«Қолға сезілетін бейнелер» – ҚР Тұңғыш Президенті қоры ұйымдастырған әлеуметтік идеялардың ІХ республикалық жәрмеңкесінің жеңімпазы атанған жоба. Оны «Жігер» мүмкіндігі шектеулі жастар ұйымы» қоғамдық бірлестігі мен Алматыдағы Н.Островский атындағы №4 зағип балаларға арналған мектеп-интернат оқушылары жасаған. Мүсіндер көрмесінің интерактивті жобасы зағип жандарды бейнелеу өнері туындыларымен етене таныстыруды көздейді. Себебі көзі көрмейтін адамдар әдетте витринадағы туындыларды, жәдігерлерді тамашалай алмайды, көркем дүниелердің сырынан беймәлім қалып қояды. Интерактивті көрме осылайша мүгедектер өміріне қоғам назарын тағы бір аударуды мақсат етеді. Шараны өткізу үшін белгілі суретшілер мен қолөнер шеберлерінің туындылары әкелінген. Көрмеге келушілер экспонаттарды қолмен ұстап көріп, олардың жасалу техникасымен танысады. «Мұндағы балалар жасаған жұмыстар түпнұсқа туындылармен қатар өнер мұражайының көрмесіне қойылып, каталогқа енеді», – дейді жоба жетекшісі Гүлзира Молдашева.
Көрілген: 1872 Пікірлер: 0