Алматыдағы Құрманғазы атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық халық аспаптары оркестрі «Қазақтың қасиетті қазынасы» атты концертке шақырады. Ұлттық музыка кеші ҚР Тәуелсіздігі күні мерекесіне арналып отыр.
Мерекелік бағдарлама өнер ұжымының концерт залында желтоқсанның 18-і күні (18.30) өтеді. Кеште халық күйлері мен қазіргі заманғы қазақ композиторларының аспаптық шығармалары, халық әндері және дәстүрлі ән мектептерінің айтулы тұлғалары туғызған шедеврлер орындалады. Бұрын-соңды орындалмаған кейбір шығармалар тұңғыш рет көрермен назарына ұсынылып, кейбірі жаңа нұсқада жария етіледі. Бұл концерттен Шәміл Әбілтаев, Біләл Ысқақов, Абдулхамит Райымбергенов, Батыржан Мықтыбаев, Асылбек Ахатов сияқты дәулескер күйшілердің, талантты әншілер: ҚР еңбек сіңірген әртісі Рамазан Стамғазиев пен ҚР еңбек сіңірген қайраткері Ақан Әбдуәлінің өнерін тамашалауға болады. Сондай-ақ Ардақ Итекеева, Эльвира Жұмашева, Шынар Ибатова, Айжан Мұхамеджанова сияқты өнерпаздар да халық алдына шығады. Оркестрдің дирижерлері – Жанас Бекентұров пен Арман Жүдебаев.
Көрілген: 2245 Пікірлер: 0