Еліміздің он жетекші жоғары оқу орнының командасы ұлы жазушы Мұхтар Әуезов шығармашылығы жайлы білім сайысына түседі. Республикалық байқау біртуар тұлғаның 116 жылдығына және Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің қаңтар айында тойланатын 80 жылдығына арналып отыр.
ҚазҰУ баспасөз қызметінің хабарлауынша, «Әлемнің Әуезові» аталатын білім сайысы алдағы жұма – желтоқсанның 6-сы күні Филология, әдебиеттану және әлем тілдері факультетінде өтеді. Шараны ұлттық университеттегі студент қыздардың «Ай-Ару» рухани-танымдық орталығы ұйымдастырып отыр. Сайыс үш бөлімнен тұрады: алғашқысы – 50 сұрақтық тест. Екінші кезең – М.Әуезов өмірбаянына қатысты эссе жазу сыны. Шығармалар «Балалық шақ. Ата өнегесі», «Әуезовтің Семейдегі өмірі», «Алаш және Әуезов», «Әуезов және Абайтану», «Әуезов және саяси қысым» деген тақырыптарға жазылуы қажет. Үшінші бөлім «Абай жолы» роман-эпопеясы үзінділеріне қатысты ауызша толғамдар туралы. Сайыста Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, Е.Букетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университеті, Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университеті, «Қайнар» университеті, Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті, М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университеті, С.Демирел атындағы университет, Шәкәрім атындағы Семей мемлекеттік университеті және І.Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетінің командалары бақ сынайды.
Көрілген: 2175 Пікірлер: 0