Алматының өнерсүйер қауымы атақты скрипкашы Сағадат Бисенғалиевті еске алмақшы. Классикалық музыка кеші «Мәңгілікке арналған өмір» деп аталады.
Сағадат Бисенғалиев 1957 жылы туған. П.И.Чайковский атындағы Мәскеу мемлекеттік консерваториясының түлегі. 1989 жылы көлік апатынан қаза болмағанда, оның қазақ классикалық музыкасының дамуына қосар үлесі мол еді. Сағадат – әлемге әйгілі қазақ музыканты, виртуоз скрипкашы, талантты дирижер Марат Бисенғалиевтің ағасы. Ол жөнінде Марат Сәметұлы: «Скрипкаға деген шексіз сүйіспеншілік, төтенше музыкалық дарын, айрықша еңбекқорлық пен мақсатқа ұмтылғыштық – Сағадатқа тән қасиеттер. Ол көрерменді нәзік талғамымен, терең ойымен, дәйекті орындаушылық баяндауымен, скрипка дыбысының әдемілігімен таңғалдыратын. Менің классикалық музыкаға деген қызығушылығымды оятып, музыкалық аспапты таңдауыма ықпал етті», – дейді. Еске алу кеші қарашаның 12-сі күні Абай атындағы Мемлекеттік академиялық опера және балет театрында өтеді. Кешке Марат Бисенғалиев жетекшілік ететін Алматы симфониялық оркестрі, Ғалымжан Берекешев жетекшілік ететін «Қазына» хоры, «Тұран» этно-фольклорлық ансамблі, «Сейшн» арт-балеті, «Гром и Лола» би дуэті, эстрада әншісі Ситора Назарова, домбырашы Асқар Солтанғазин, сазсырнайшы Анар Қасымова қатысады. Бағдарламада Тілеп күйшінің, Шәкәрімнің және ағылшын композиторы Карл Дженкинстің шығармалары орындалады.
Көрілген: 1472 Пікірлер: 0