Таксиге отырып, Төлеби көшесімен тура жүргенде Алматының бар келбетін көріп, бар хикаясын естуге болады. «АРТиШок» театры әсем қаланың бізге мәлім оқиғалары мен адамдары жайлы түрлі-түрлі көріністерді бір спектакльге топтастырған. «Төлебимен тура» («Прямо по Толеби») деп аталатын драматургиялық сынақ мәдени шок ретінде көрерменді селт еткізе алды.
Спектакльдің басында мінезі мен өмір салты төрт түрлі адам такси тоқтатады. Бұлар – Алматыдағы әлеуметтік-психологиялық типтердің өкілі. Әркімнің өз Алматысы бар. Бұл қаланың тарихы мен бүгінгі тыныс-тіршілігі көшеде түкіріп қойып жүре беретін қызылордалық Әлібекке де, интернетке тәуелді Құралайға да, мүддесі жергілікті жұртқа таңсық шетелдік пен «ұлтың кім» десе, «хоббит» деп жауап беретін Артемге де бөтен емес. Бір қойылымда актерлер түрлі образға еніп, Алматыға қатысты әр алуан оқиғаларды көз алдымызға әкеледі. Верный заманындағы жер сілкінісі де, бірнеше жыл бұрын «Есентай Тауэр» ғимаратында болған қайғылы оқиға да, биыл «Прайм Плаза» орталығында болған тәртіпсіздік те, Алматыда өтетін үйлену тойлары да бар. Драматургиялық жоба алматылықтар арасында жүргізілген әлеуметтік зерттеудің нәтижесі бойынша жасалған. Бұл «Нағыз алматылық деген кім?», «Алматыдағы үйреншікті жағдай қайсы?», «Қалада қандай мифтер бар?» деген сияқты сауалдардан тұрған зерттеу болатын. Шыңғыс Қапин, Виктория Мұхамеджанова, Дмитрий Капылов және басқа да актерлер «Төлебимен тура» қойылымын театрдың зертханалық тәжірибесі ретінде екінші рет қойып отыр, қараша айында оның жетілдірілген түпкілікті нұсқасы сахналанады. Авторлық театр биыл ХІІІ маусымын бастады. Көрерменді басқа да тосын сыйлар күтіп тұр.
Көрілген: 1986 Пікірлер: 0