ҚР Тұңғыш Президенті күні мерекесі Абай мұражайына да ортақ. Абайдың мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық қорық мұражайында «Елі сүйген, елін сүйген Елбасы» атты шара ұйымдастырылды.
Ұлы Абай мен Нұрсұлтан Назарбаев тағылымын ұштастырған шараны Абай қорық мұражайының директоры Жандос Әубәкір құттықтау сөзімен ашты. Бұдан соң «Елбасы – руханият тірегі» аталатын көрме таныстырылып, Тұңғыш Президентке бата берген Халық ақыны Шәкір Әбенұлының «Бата» атты бейнефильмі және слайдтық көрсетілім көрсетілді. «Жас ұлан» ерлер лицейі ұландарының орындауында патриоттық әндер орындалды. Шарада Қазақстанның Тұңғыш Президентінің тарихи рөлі жоғары бағаланды. Оның Қазақстан мемлекеттілігінің негізін қалаушы ғана емес, барлық қазақстандықтардың мойындауы мен халықаралық қоғамдастықтың құрметіне ие болған жаһандық бастамалардың авторы екені айтылды. Сондай-ақ мемлекет басшысының Абаймен арадағы ой-толғамдық үндестігі сөз болды. Айта кетейік, Н.Назарбаев «Абай сөзі – қазақтың бойтұмары. Абайдың мұрасы – қазақтың ең қасиетті қазынасы. Заманалар ауысып, дүние дидары өзгерсе де, халқымыздың Абайға көңілі айнымайды, қайта уақыт өткен сайын оның ұлылығының тың қырларын ашып, жаңа сырларына қаныға түседі. Абай өзінің туған халқымен мәңгі-бақи бірге жасайды, ғасырлар бойы қалың елін, қазағын жаңа биіктерге, асқар асуларға шақыра береді...» деген болатын.
Көрілген: 2046 Пікірлер: 0