Үрмелі аспаптар оркестрі жаңажылдық кешке шақырады
ҚР Мемлекеттік үрмелі аспаптар оркестрі жаңажылдық концерттік бағдарламаға шақырады. Концерт «Аяз Атаға хат» деп аталады.
Оркестр үрмелі музыка тыңдармандарына мерекелік көңіл күй сыйлауды мақсат етіп отыр. Бағдарламада дүниежүзінің және еліміздің танымал композиторларының шығармалары орындалады. Үрмелі аспаптар ұжымына әдеттегідей ҚР еңбек сіңірген қайраткерлері Қанат Ахметов пен Александр Беляков дирижерлік етеді. Кеште жеке орындаушылар да өнер көрсетеді. Халықаралық байқаулардың лауреаттары Береке Енкебаева мен Игорь Благодарныйлар Жаңа жыл тақырыбындағы әндерді шырқайды. Айта кетейік, биылғы «Оркестрлер шеруі» классикалық музыка фестивалінде ҚР Мемлекеттік үрмелі аспаптар оркестрінің өнері көпшілікке ерекше ұнаған еді. Ахметов пен Беляковтың жетекшілігіндегі оркестр бала кезден сүйікті болған мультфильмдер әуендерін орындаған болатын. «Аяз атаға хат» деп аталатын кеш бағдарламасына да осы шығармалардың бірқатары еніп отыр. Концерт Жамбыл атындағы мемлекеттік филармонияда желтоқсанның 25-і күні өтеді.