1 шілдеден бастап «арнайы құқық» институты енгізіледі – Жұманғарин

25 ақпан 2022, 11:23

Бүгін Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі 2021 жылғы қызметінің қорытындылары бойынша алқа отырысын өткізіп жатыр.

 

Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің төрағасы Серік Жұманғарин бәсекелестікті дамыту мәселелері бойынша заңның, яғни 5-ші монополияға қарсы пакеттің қабылдануы маңызды оқиға болғанын айтты.

 

Агенттік басшысы заңның негізгі жаңалықтарына тоқталды.

 

Біріншіден, «негізгі қуат доктринасын» енгізу. Негізгі қуат деп үстем немесе монополиялық жағдайға ие нарық субъектісінің тауар немесе инфрақұрылым объектісі түсініледі, оған қол жеткізбей нарықтың басқа субъектілері өз қызметін сол немесе сабақтас тауар нарығында жүзеге асыра алмайды. Заңда негізгі қуатқа тең қол жеткізу қағидаттары айқындалған, - деді Жұманғарин.

 

Сондай-ақ төрағаның айтуынша, 1 шілдеден бастап «арнайы құқық» институты енгізіледі. Арнайы құқық – бұл бәсекелестік нарықта тауарды өндіруге, өткізуге және сатып алуға заңмен бекітілген нарық субъектісінің айрықша немесе басым құқығы.

 

Бұл заңнамалық тетік монополиялық операторлардың қызметін реттеу үшін енгізілді. Арнайы заң мемлекеттік монополия үшін қарастырылған шектеулерді де қамтиды. Үшіншіден, «Effet utile» қағидатын іске асыру үшін нормативтік құқықтық актілерді әзірлеу кезінде реттеуші нормалардың бәсекелестікке әсерін бағалау. Бұл тәжірибені біз Экономикалық ынтамастық және даму ұйымынан алдық, - деп айтты Серік Жұманғарин алқа отырысында.

 

Егер бағалау нәтижелері тауар нарығындағы бәсекелес ортаның жай-күйінің нашарлау мүмкіндігін көрсететін болса, әзірлеуші бағаланатын реттеу нормалары сияқты мақсаттарға қол жеткізуге мүмкіндік беретін бәсекелестікке қарсы неғұрлым аз баламаны табуға тиіс.

 

Төртіншіден, сенімді тұлға институтын енгізу. Бұл экономикалық шоғырлануды келісу кезінде нарық субъектісінің монополияға қарсы органның талаптарын орындауына баға беретін тәуелсіз сарапшы. Бесіншіден, мемлекеттік қолдау шараларын көрсетуге қойылатын бәсекелестік қағидаттары мен талаптарын айқындау, - деді ол.

 

Биылдан бастап мемлекеттік қолдаудың жаңа шаралары, сондай-ақ оларды көрсету қағидалары монополияға қарсы органмен міндетті түрде келісуге жатады.

 

Алтыншы, монополияға қарсы комплаенс институтын дамыту.

 

Комплаенстің ішкі актісі енді монополияға қарсы органның әдістемелік ұсынымдарына сәйкес әзірленуі тиіс.

 

Компанияда монополияға қарсы комплаенстің тиімді ішкі актісінің болуы енді бәсекелестік заңнаманы бұзу туралы істерді қарау кезінде ескерілетін болады. Сонымен қатар бұл әкімшілік айыппұл мөлшерін азайту туралы өтініш беру мүмкіндігін береді.

 

Жетіншіден, монополияға қарсы органның сұрау салуы бойынша ақпарат беру мерзімін ұзарту мүмкіндігі.

 

Бұдан басқа, келісу комиссиясы шеңберіндегі тергеп-тексерулерді, сондай-ақ барлық процестік әрекеттерді қайта бастау мерзімдері регламенттелген.

 

Сегізінші, монополияға қарсы заңнаманың кейбір бұзушылықтарының анықтамалары қайта қаралды.

 

Потенциалды бәсекелестер арасындағы бәсекелестікке қарсы келісімдер мен келісілген іс-әрекеттер енді деңгейлес, бұл мемлекеттік сатып алуларда картельдерді дәлелдеуді жеңілдетеді.

 

 

 

baq.kz