"181 миллиард теңгенің қайда кеткені белгісіз": Утилизациялық алым жинауға мораторий жариялау ұсынылды

26 қаңтар 2022, 16:55

Мәжілістің жалпы отырысында депутаттар функцияларды мемлекеттік операторға берудің рәсімдерін аяқтағанға дейін утиль жинауға мораторий жариялауды сұрады, деп хабарлайды Stan.kz агенттігі.

Премьер-министрге жолдаған сауалында депуттаттар, утиль жинақтаудың шамадан тыс бағалануы әрі жеке оператордың ашық емес қызметі, депутаттар тарапынан бірнеше рет көтерілгенін және тұрғындар үшін өте сезімтал сұрақтардың бірі екенін айтты. 

“Соңғы бес жылда автокөліктер мен ауылшаруашылық техникасын сатып алушылар, жеке операторға сатып алынатын техниканың мақсаты мен үлгісіне қарай, 400 мыңнан 13 миллион теңгеге дейін утиль жинауды төлеген. Мұндай заңды "бопсалаудың" нәтижесі елімізде көліктердің қымбаттауына әкелді. 2015 жылдан 2021 жылға дейін жаңа көліктердің бағасы екі есеге жуық өсті. Осының салдарынан ескі көліктердің де бағасы көтеріліп кетті”, – деді депутат Жаңбыршин. 

Ол көрші елдермен баға айырмашылығы Қазақстанға шетелдік көліктердің тіркеусіз әкелінуіне мүмкіндік бергенін айтты. Мәселен, Қазақстанға шетелдік нөмірі бар 200 мыңнан астам көлік кірген, оның көпшілігі ескірген, ал кейбіреуі тіпті қылмыстық мүлік саналады. Сонымен қатар 2021 жылдың маусымынан бастап кабель мен сым өнімдерінің құнына да 5% утилизациялық алым жиналған.

"Осы мәселеге қатысты президенттің тапсырмасын халық зор ықыласпен қабылдады. Бірақ, біз бүгін тапсырманың басқаша атқарылып отырғанын көріп отырмыз. Ашық нормативтік-құқықтық актілер порталында жеке оператордың құқықтарын "Жасыл даму" мемлекеттік акционарлық қоғамына дереу беруді көздейтін қаулы жобасы орналастырылды. Бұл қаулы жобасына сәйкес, бес жыл бойы жеке оператордың ақшаны белсенді түрде жинау процесінің ашықтығы ұмытылып қалатын сияқты", - дейді Жаңбыршин.

Сондай-ақ депутат "Оператор РОП"-тың БАҚ-қа берген мәліметі туралы айта кетті. 

"2016 жылдан 2021 жылдың қыркүйегіне 600 миллиард теңгеден астам қаржы түскен. Бұл қыруар қаржы қайда кетті? Ол жөнінде толық дерек жоқ. Ашық көздерден алған мәліметке сүйенсек, 300 миллиард теңге автокөлік өнеркәсібін және ауыл шаруашылығы техникасын өндірушілерді ынталандыруға берілген. 30 миллиард теңге ескі көліктерді тапсырған халыққа төленген, 29 миллиард теңгесі ескі техникаларды жинақтауға және утилизациялауға жіберілген. Ал 181 миллиард теңге қайда кеткені белгісіз! Сонда бүкіл жиналған қаржының 10%-і ғана утильге бағытталған ба?!", - дейді мәжілісмен.

Сонымен қатар ол жеке оператор активтерінің тағдыры қаулы жобасы бойынша түсініксіз екенін айтты. Өйткені жобада тек жарғылық капиталдағы үлесті беру жайлы айтылған. Ал ағымдағы шоттан ақшаны аудару туралы бір ауыз сөз жоқ.

“Утиль жинау төлемін жаңа оператордың қабылдап бастағаны туралы Экология министрлігінің тосын мәлімдемесі де сұрақ туғызады. Өйткені Қаулы жобасы ағымдағы жылдың 1 ақпанына дейін талқыланады және одан кейін оның нақты қабылданатыны белгісіз болып тұр. Утиль жинаудың ставкасын қайта қару жөніндегі сұрақ та ашық қалып отыр. Бүгін әңгіме базалық ставка төңірегінде, ал алынатын сомалар, негізінен коэффициенттер арқылы манипуляция жасалынып отыр. Неге халықтан алынған утиль жинақ есебінен көлік өндірісін дамытамыз? Бизнестің өзі инвестиция салмай ма? Утиль жинауды тек ескі техникаларды заласыздандыру үшін пайдалану керек емес пе? Қазір утиль жинауға байланысты жұмыс тобы құрылып, талқылау жүріп жатыр. Бірақ, әр түрлі тараптардың паритеті сақталмаған", – деді Жаңбыршин.

Осыған байланысты депутаттар жеке оператордың қызметіне шұғыл тәуелсіз аудит жүргізуді, оның нәтижесін ашық ақпарат көздерінде жариялауды, тексеру нәтижесі бойынша жеке оператордың активтерін мемлекеттік операторға толық көлемде беруді қамтамасыз етуді талап етті.

Сонымен қатар есеп айырысуды және функцияларды мемлекеттік операторға беру рәсімдерін аяқтағанға дейін утилизациялық алым жинауға мораторий жариялауды ұсынды.

Бұдан бөлек, депутаттар утилизациялық алым есебінен көлік және ауыл шаруашылық техника өндірушілерін қолдауға тыйым салу, жұмыс тобына барлық тарапты, сондай-ақ мәжіліс депутаттарын да тарту, мемлекетке өткен операторды басқаратын кадрларды қайта қарау қажет деп есептейді.

Естеріңізге сала кетейік, Қасым-Жомарт Тоқаев үкіметке утилизациялық алым ставкасын қайта қарауды және "Оператор "РОП-тың" қызметін тоқтатуды тапсырды.

Қазақстан үкіметі "ӨКМ Операторы" ЖШС-ның қызметін тоқтату туралы қаулы қабылдады. Өндірушілердің кеңейтілген міндеттемелерін әкімшілендіру функциясын "Жасыл даму" АҚ орындайды.