Нарық

2021 жылы дағдарыстан шыға аламыз ба?

  • 2021 жылы дағдарыстан шыға аламыз ба?

    2021 жылы дағдарыстан шыға аламыз ба?

Тыш­қан жылының басында басталған пандемия әлемді біраз әбігерге салды. Соның қатарында Қазақстан да бар.

Еліміздің біраз саласында құлдырау байқалып, көптеген кәсіпорындар қаржы қыспағына түсті. Мұның бәрі қарапайым халыққа әсер етпей қоймады.  Десе де алдағы жылы экономикамызда қандай өзгерістер болуы мүмкін? 2021 жылдан не күтеміз? Дағдарыстан шығамыз ба? Бұл сауалдардың жауабын біз UІB бизнес мектебінің директоры, экономист Мақсат Халықтан сұраған едік.

- Мақсат мырза, биыл біраз азық-түлік қымбаттады. Жалпы, қымбатшылық неден туындайды? Биылғы пандемия қымбатшылықтың туындауына қаншалықты әсер етті?

- Биылғы жылы азық-түліктің бағасы өте қатты өсіп кетті. Оған пандемияның әсері бар. Төтенше жағдай режимін жариялаған кезде халықта біраз даурығу болды. Жұртта «үйден мүлдем шықпай қаламыз, азық-түліксіз қаламыз» деген ой болды. Соның негізінде азық-түліктің сатылымы өсті. Салдарынан баға шарықтады.

Одан кейін денсаулыққа пайдалы деген сарымсақ, лимон, имбирь сияқты кей өнімдердің де сұраныстың артуына байланысты бағалары аспандап кетті. Мұның бәріне пандемия әсер етті деп айтуға толық негіз бар.

Ал енді жалпы қымбатшылықтың туындауына не себеп? Экономикада мынадай заңдылық бар: айналымдағы ақша массасының көлемі мен тауарлардың, қызметтердің көлемінің арасында белгілі дәрежеде теңдік болуы керек. Егер де мемлекет тауар өндіру процесін тежейтін болса, тауар өндірісі тоқтаса, ал ақша массасы керісінше көбейіп кететін болса, онда мұның арты міндетті түрде инфляцияға алып келеді.

Биыл Ұлттық банктің эмиссия жүргізгенін байқауға болады. Өйткені жылдың басында еліміздегі ақша массасы 20 триллион теңгенің үстінде болса, 1-қарашадағы мәліметтерге сүйенсек, бұл сома 24 триллион 741 миллиард теңгені құраған. Сонда ақша массасы шамамен 4 триллион теңгеге артып кетіп отыр. Яғни Ұлттық банк елде ақшаға деген тапшылықты туғызбау үшін белгілі бір дәрежеде ақшаны көптеп басып шығарғанын айғақтайды. Мұны бір жағы мемлекеттік бюджетті толтырудың қадамдары деп айтуға болады. Осы процестің салдарынан тек азық-түліктің бағасы ғана емес, жалпы тауарлардың бағасында да өсім орын алды.

- Жалпы, елдегі бүгінгі экономикалық жағдайға қандай баға берер едіңіз?

- Әрине, дәл қазір елдің экономикалық жағдайы нашар деп айтуға толық негіз бар. Себебі бізде жалпы ішкі өнімнің (ЖІӨ) құлдырауы биылғы жылы рекордтық жағдайға жетті деуге болады. Биылғы тамыз айы­ның қорытындысы бойынша осы жазда біздің ЖІӨ - 3 (минус 3) дәрежесіне дейін құлаған болатын. Ал қазір - 2-ге (минус 2) көтерілді, яғни  құлау процесі тежелді. Дегенмен, жалпы ішкі өнімнің бұлай минустық көрсеткішке дейін құлауы елімізде 90-жылдарда ғана орын алған болатын. Дәл осы жылы соңғы 22 жылда болмаған экономикалық құлдырауды көріп отырмыз. Тіпті 2007-2009 жылдарда орын алған қаржылық дағдарыстың өзін­де де біздегі ЖІӨ оң көрсеткішпен, + 1 дәреже­сін­де аяқталған болатын.

Қазіргі уақытта бізде қызмет көрсету саласында өте үлкен құлдырау бар. Оның ішінде нақты айтатын болсақ, қоғамдық тамақтану, сауда, транспорт саласы қатты зардап шекті. Демек, экономикамыздың бүгінгі кейпі мәз емес деп айтуға болады.

Не үшін біздің ЖІӨ соншалықты құлдырады? Оған Төтенше жағдай режимінің әсері болды. Себебі көктем­дегі 2,5 айда жұмыс істеме­ген халықтың саны 4,5 миллионға жетті. Бұл бізде ең­бек­ке жарамды халықтың жалпы саны 9 миллионнан асса, соның тең жартысы жұмыссыз отырды деген сөз. Оған қоса көп адам коронавируспен ауырды, ажал құшқандары қаншама? Көптеген кәсіби мамандарды жоғалтып алдық. Енді сол азаматтардың орнын біз бір жылда толтырамыз деп айта алмаймыз. Демек, бұл коронавирустың кері салдары үлкен болмақ.

Сондай-ақ локдаун режимі, бизнес субъектілеріне қойыл­ған уақыттық шектеулер бизнесті қазіргі таңда табыссыз қалдырды. Біразы жабылды, біразы банкроттықтың алдында тұр. Оның салдары жұмсыссыздықтың өршуіне әкеп соқтыратыны белгілі. Қазірдің өзінде жұмысынан айырылғандар өте көп. Жұмыссыздар саны ресми статистикадағыдан әлдеқайда жоғары. Мұның барлығы түптеп келгенде азаматтарымыздың төлем қабілет­тілігінің төмендеуіне септігін тигізіп отыр және кедейшілік деңгейінің өсіп отырғандығын айғақтайды.

Десе де мемлекет дағдарысқа қарсы бағдарлама қабылдап,  қаржыландырулар жасап жатыр. Қаражаттың көп бөлігі Ұлттық қордан алынуда. Келесі жылы да коронавирустың салдарымен күресуге 3 триллион теңге бөлінгелі отыр.

- Түсінікті, ал 2021 жылы елдегі экономикалық жағдай қалай болады деп болжайсыз?

- Негізінде осындай әлемдік дәрежедегі дағдарыстар бір жылдық болмайды. Оның салдары кемі 2-3 жылға созылады. Экономикалық циклдің құлдырау, тоқырау, жандану, өрлеу-өсу деген фазалары болады. Біз өрлеу-өсу туралы қазір ештеңе айта алмаймыз. Егер де мемлекет тарапынан дағдарысқа қарсы жасалып жатқан бағдарлама өзінің жемісін берсе және халықтың көңіл-күйі жақсы болып, алға қарай ұмтылу байқалса, санада дағдарыс басталып кетпесе, біз келесі жылы жандану фазасын көреміз. Яғни, экономикада сәл де болса ілгерілеушілік болады. Мұндағы санадағы дағдарыс деп отырғанымыз - дағдарыстың психологиялық әсері, яғни қандай да бір қиындық туындай қалса, барлығын дағдарысқа әкеліп тірей беру. Халық күрескер болып, тың идеялар іздеп, жаңа бағыттарды қарастырып, проблемаларды жаңа механизмдермен, жаңа тетіктермен шешуге кірісетін болса, еңбек өнімділігі өрлейді және оның салдарынан іскерлік белсенділік артып, экономикада ақырындап жандану процесі орын алады. Сондықтан келер жыл жаңа мүмкіндіктерді көретін, жаңа идеялар туындайтын жыл болсын деп айтқым келеді.

- 2021 жылы тағы да доллар қымбаттап, бағалар көтерілуі мүмкін бе, әлде әзірге тұрақтылық байқала ма?

- Алдағы жылы валюта нарығына, теңгеге әсер ететін көптеген макроэкономикалық факторлар бар. Соның ішінде сыртқы факторларды айтар болсақ, бұл Байденнің жаңа Президенттік инаугурациясымен бастау алмақшы. Байден­нің Ресейге қатысты санкциялық қысымдар жасауы мүмкін деген болжамдар көп. Егер де Ресей экономикасында біраз қысымдар жүзеге асырылатын болса рубльдің құнсыздануы әбден анық. Ол, әрине, теңгеге де кері ықпа­лын тигізеді.

Сондай-ақ жалпы геосаяси жағдайды қарайтын болсақ, негізінен қазір әлемде тұрақсыздық басымырақ бо­лып тұр. Мысалы, Қарабақтағы жағдай, Беларусь пен Қырғызстанның ішкі саяси жағдайлары - барлығының да түптеп келгенде Қазақстан экономикасына келтірер әсері бар. Сондықтан да нақты кесіп айту қиын. Осындай белгілі бір дәреже­дегі сценарийлердің өрбуі теңгемізге ықпал жасауы мүмкін.

- Биыл кәсіпкерлерге оңай болмады. Алдағы 2021 жылда олар қалай қадам жасау керек, не нәрсеге көңіл бөлуі керек, ары қарай құлдырауға кетпес үшін нендей әрекеттер жасау керек деп ойлайсыз?

- Иә, расымен де кәсіпкерлер үшін биыл өте қиын жыл болды. Елімізде 100 мыңға жуық шаруашылық субъектілер банкрот болды деген мәлімет шықты. Реалды жағдайда бұл цифр әлдеқайда көбірек деп ойлаймын. Көптеген компаниялар банкрот болды, банкрот болмағаны нарықта қалып қою үшін бүкіл резерв­терін жұмсап, тіпті қарызға кіріп жатқан жағдайлар да бар. Нәтижесінде олар артық шығындар мен жұмысшылар санын қысқартуға тырысады, ал мұның арты жұмыссыздыққа әкеледі. Сондықтан да мемлекеттің алдында ең үлкен міндет тұр. Осы шағын және орта бизнес субъектілерін сақтап қалуға үлес қосу қажет. Мемлекет пандемияға дейін табысты қызмет жасаған, салығын уақытында төлеген кәсіпкерлерді ерекшелеп, оларға мемлекеттің өзі кепіл болып, жеңілдетілген несие­лерді жеткізудің тиімді тетіктерін қарастыруы керек.

Ал кәсіпкерлердің өзі не істеу қажет? Меніңше, олар өздерінің бизнесіне толығымен сараптама жүргізіп шығуы тиіс. Егер компанияның табысы тым болмағанда шығындарды жауып тұрса, ол біраз уақыт жұмыс істеп тұра алады. Бірақ біздегі қызмет көрсету саласындағы көптеген кәсіп­орындар минусқа кетіп жатыр. Мұндай жағдайда оны банкрот деп жариялаған дұрыс. «Қалайда нарықта қалуым керек» деген ой үлкен шығынға батырады. Осы саладағы кәсіпкерлер пандемияға дейінгі табысқа қайта қол жеткізу үшін кемі төрт жыл уақыт керектігін айтып отыр. Сондықтан пандемияға дейінгі табысқа қайта қол жеткізу қазіргі жағдайда қиындау болады, келесі жылы да солай. Осыны ескерген жөн.

Егер компанияның бағытын өзгертуге мүмкіндік болса, бағытты өзгерткен дұрыс. Қазіргі кезде табыс тауып отырған салалар да бар. ІT саласы, онлайн-дүкендер, тауарды үйге дейін жеткізіп беру қызметін ұйымдастыратын логистикалық компаниялар, фармацевтикалық өнімдермен, азық-түлікпен  байланысты компаниялар табысты болып отыр. Кәсіп­керлер өз кәсібін осындай бағытқа бұруға әрекет жасауы керек деп ойлаймын.

- Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан - М.ҚҰРБАНҚЫЗЫ. 

zamana.kz




Көрілген: 2691    Пікірлер: 0

сенбі, 02.01.2021, 18:39

Достарыңмен бөліс:

  • СОҢҒЫ ЖАРИЯЛАНЫМДАР:
    9 Ақпан, 16:30
    Доллар арзандады

    Көп ашылған Көп пікір жазылған
    2021
    2008
    2009
    2010
    2011
    2012
    2013
    2014
    2015
    2016
    2017
    2018
    2019
    2020
    2021
    ақпан
    қаңтар
    ақпан
    наурыз
    сәуір
    мамыр
    маусым
    шілде
    тамыз
    қыркүйек
    қазан
    қараша
    желтоқсан

    Алаш Айнасы мұрағаты

    Дс Сс Ср Бс Жм Сн Жс
    1 2 3 4 5 6 7
    8 9 10 11 12 13 14
    15 16 17 18 19 20 21
    22 23 24 25 26 27 28