2023 жылы зейнетақы мөлшері қалай өзгереді

19 желтоқсан 2022, 14:26

Жуырда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «2023 – 2025 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заңға қол қойды. Аталған заң жобасы аясында 2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап зейнетақы төлемдерінің мөлшеріне өзгеріс енгізіледі. Осы жөнінде ҚазАқпарат сарапшысы материал жариялады, - деп хабарлайды Alashainasy.kz тілшісі.

«2023-2025 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» ҚР Заңына сәйкес, 2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап ынтымақты және базалық бөліктерден тұратын зейнетақының ең төменгі мөлшері 77 417 теңгені құрайды. Бұл ретте ынтымақты бөлігі 53 076 теңге болып белгіленіп, базалық зейнетақының ең төменгі мөлшері 24 341 теңгеге өзгереді.

 

Сондай-ақ зейнетақы төлемдеріне бағытталған қаражат жасына байланысты және еңбек еткен жылдары үшін зейнетақы төлемдерін 10,5 пайызға арттыру қарастырылған.

 

 

Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры зейнетақы қаражатын мерзімінен бұрын пайдаланудың 2023 жылға ең төмен жеткіліктілік шегін белгіледі. Қор мәліметінше, 2023 жылға белгіленген ең төмен жеткіліктілік шегі жас мөлшеріне байланысты 3-тен 10 миллион теңгеге дейінгі сома болады. Бекітілген әдістемеге сәйкес, ең төменгі жеткілікті шек шамалары әр жас мөлшері үшін жеке анықталады және болашақ зейнетақы төлемдері мен зейнетақы жарналарының өсуін (индекстелуін) ескереді.

 

Нақтырақ айтқанда, ең төменгі жеткіліктілік шегі - бұл салымшының зейнетке шыққаннан кейін ең төменгі базалық зейнетақымен қоса ең төменгі зейнетақыдан кем емес жиынтық төлемдер алуы үшін шотында қалуға тиісті ең төменгі сома.

 

 

Осылайша, 2023 жылы 20 жастағы салымшы зейнетақы шотындағы 3 млн 260 мыңнан, 30 жастағы салымшы 4 млн 580 мыңнан, 40 жастағы салымшы 6 млн 100 мыңнан, 50 жастағы салымшы 7 млн 860 мыңнан, 60-62 жастағы салымшылар 9 млн 890 мыңнан асқан соманы мерзімінен бұрын пайдалана алады.

 

Айта кетейік, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында әйелдердің зейнетке шығу жасы 2029 жылға дейін 61 жас деңгейінде қалатынын мәлімдеген еді. Бұған дейін Қазақстанда әйелдердің зейнетке шығу жасын 63 жасқа дейін кезең-кезеңімен арттыру жоспарланған болатын.