2028 жылдан бастап әйелдер қанша жастан зейнетке шығады: вице-министр мәлімдеме жасады

26 желтоқсан 2022, 16:57

Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ҚР Әділет вице-министрі Алма Мұқанова 2028 жылдан бастап әйелдер қанша жастан зейнетке шығатынын айтты, - деп хабарлайды Alashainasy.kz тілшісі Аikyn.kz-ке сілтеме жасап.

«2028 жылға дейін әйелдерге арналған зейнет жасы 61 жас деңгейінде бекітілді. Осы қабылданған заңға сәйкес, 2028 жылдың 1 қаңтарынан бастап әйелдердің зейнет жасы – 61,5, 2029 жылдан – 62 жас, 2030 жылдан – 62,5 жас және 2031 жылдан бастап 63 жасты құрайтын болады. 2028 жылға дейін тек белгіленген жас көзделген. Бірақ одан кейін жарты жылдан қосылып, еңбек жасы ұлғаятын болады», – деді вице-министр.

 

Айта кетейік, бүгін Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттік жастар саясаты және әлеуметтік қамсыздандыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының заңына қол қойды.

 

Ол заңда төмендегі мәселелер қарастырылған:

 

* жастардың жасын 29-дан 35-ке дейін ұлғайту;

* бала күтімі бойынша төлемдерді тағайындау мерзімінің ұзақтығын 1,5 жылға дейін ұлғайту;

* ең төменгі базалық зейнетақының мөлшерін ең төменгі күнкөріс деңгейіне – 70%-ға тұрақты түрде жеткізу, ең жоғары базалық зейнетақының мөлшері – 120%-ға дейін;

* әйелдердің зейнет жасын 2028 жылға дейін 61 жас деп белгілеу;

* жасы бойынша зейнетақы төлемдерін есептеудің кіріс шегін 46 еселенген айлық есептік көрсеткіштен 55 есеге дейін ұлғайту.