«7-20-25» және «Баспана хит» бағдарламасы бойынша жұмыс істейтін алаяқтар пайда болды

01 наурыз 2022, 14:10

Қазақстанның орнықтылық қоры атынан жалған кепілдік хаттарын қолданған алаяқтық жағдайлар анықталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

 

«Қазақстанның орнықтылық қоры» акционерлік қоғамы басшылықтың қолы қойылған және Қордың мөрімен расталған жалған құжаттарды үшінші тұлғалардың тарату жағдайлары анықталғаны туралы ескертеді.

 

Атап айтқанда, алаяқтар азаматтарға Қор атынан меншікке беру кепілдігі туралы және жылжымайтын мүлікке меншік құқығын тіркеу туралы жалған кепілдік хаттар берумен айналысқан.

 

Осыған байланысты, Қор қандай да бір кепілдік хаттарды беруді жүзеге асырмайтындарын мәлім етті.

 

«Қор «7-20-25» және «Баспана хит» ипотекалық тұрғын үй бағдарламаларының операторы болып табылады және осы бағдарламалар аясында тек банктермен өзара қарым-қатынас жасайды. Қор жеке тұлғалармен жұмыс істемейді, құрылыс саласына араласпайды және өз балансында жылжымайтын мүлік ұстамайды»,- деп атап өтті «Қазақстанның орнықтылық қоры» АҚ.

 

Қордағылар азаматтарды қырағы болуға шақырды.

 

«Егер белгісіз жандар сізге Қор атынан қандай да бір хаттар, анықтамалар бергеніне куә болсаңыз, дереу құқық қорғау органдарына хабарласуыңызды сұраймыз»,- делінген хабарламада.

 

Сұрақтар мен күдік туындаған жағдайда +7 (727) 227-20-25 нөмірі бойынша Қордың call-орталығына хабарласуыңызды сұраймыз (оператормен қосылу үшін 0-ді теріңіз).