"900 мың теңгеге дейін". Қазақстандағы қосымша жұмыстар

06 сәуір 2022, 18:43

Рекрутинг сарапшылары Қазақстанның еңбек нарығына жаңа тренд келгенін айтады. Ол - қосымша жұмыс. Негізгі жұмыстан бөлек қанша табуға болады және қандай салаларда сұраныс көп? Tengrinews.kz тілшісі HeadHunter Қазақстан компаниясының ресми өкілі Салтанат Намнан сұрады, - деп хабарлайды Alashainasy.kz.

Маманның айтуынша, халықтың қосымша табысқа деген қызығушылығы пандемия басталған кезде ерекше байқала бастаған.

 

"Қазақстанда қашықтан жұмыс форматының кең етек жаюы қосымша табыс табу мүмкіндігін кеңейтті. Бүгінде қосымша жұмыс істеу - еңбек нарығындағы жаңа тренд", - дейді ол.

 

Салтанат қосымша жұмыспен кімдер айналысатынын айтып, оның ең танымал салаларына тоқталды.

 

"2022 жылдың бірінші тоқсанында біздің платформада "қосымша жұмыс" деген белгісі бар 100 мыңнан аса қазақстандықтың түйіндемесі шықты. Қазақстандықтар қосымша жұмыстан орташа есеппен алғанда 190 мың теңге тапқысы келеді. Айта кетейін, көп жағдайда қосымша жұмыспен қашықтан жұмыс істейтіндер айналысады. Қазақстанда қосымша жұмыстың ең танымал саласы - IT.

Бүгінде елімізде 2 500-ден аса қосымша жұмыс бар. Оның 6,5 пайызы мүмкіндігі шектеулі адамдар үшін қарастырылған. Көбіне бұл оқытушының, курьердің, call-орталық операторының және сатушының жұмысы. Сондай-ақ, стандартты емес ұсыныстар да бар, мысалы: видеоблогер-стример, сторисмейкер, комьюнити-менеджер, кофе-леди және тағы басқалары", - деді ол.