Нарық

Cу орнына у ішіп отырған аймақтарды қайтеміз?

  • Cу орнына у ішіп отырған аймақтарды қайтеміз?

    Cу орнына у ішіп отырған аймақтарды қайтеміз?

Қытымыр қыс келсе біздің елде ауызсу төңірегіндегі  дау да қыза түседі.  Қыс басталғаннан-ақ, бұқара ауызсудың мұңын айтып атқарушы билікке базына артудан жалықпайды. Бірінің өзі еңбектеніп қазып алған құдығындағы суы қатып қалып, бірінің өзі қалтасынан қаржы шығарып тартып алған құбыры қыстың қаһарына шыдас бермей, енді бірінің есігінің алдындағы қарды ерітіп ішіп қажетке жаратып отыратын жайттар бізде көптеп кездеседі. Бірді-екілі тұрғындар өз алдына бүтіндей бір ауылдың ауызсусыз отыруы тіптен қынжылтады.


Бағамдасақ, бізде халықты таза ауызсумен қамтамасыз ету бағдарламасы 2002 жылдан бастап нақты қолға алына бастады. Содан бері 12 жылдың жүзі өтсе де елде ауызсу мәселесі әлі шешімін таппай келеді.  Бөлінген қаржы қомақты да, тындырылған шаруа көзге неге көрінбейді? Алаш айнасы осы мәселелерді сараптап көруді жөн көрді.


«Ауыз судан», «Ақбұлаққа» дейін...


Естеріңізде болар, еліміз 2002 жылы «Ауыз су» бағдарламасын қабылдап, ол 2010 жылы межесіне жеткен болатын. Мамандардың пайымдауынша, сол сегіз жылға созылған бағдарламаны көңілдегідей орындау үшін бюджеттен 335 миллиард теңге бөлінген. Ал «ауызсуға жарытады» деген бағдарламаның  қайтарымы ауыз толтырып айтарлықтай емес. Тіпті, кезінде ауылшаруашылығы министрлігінің өкілдері бағдарлама жұмысына қатысты «бұл қаражат ел аумағын толық қамту үшін аз болды» деп те ақталған-ды. Бұдан соң 2011-2020 жылдарға арналған «Ақбұлақ» мемлекеттік бағдарламасын қабылдадық. Бұл бағдарлама қабылданған тұста «енді тығырықтан шығатын күн алыс емес» деп үміттендік. Есептесек, 2020 жылға дейін жұртты таза ауыз сумен қамтамасыз ету үшін үкімет бюджеттен  жыл сайын 90 млрд теңгеден астам қаражат бөлуді көздеуде. Ол қаржының 60 млрд теңгесі республикалық бюджеттен, 30 млрд теңгесі жергілікті бюджеттерден бөлінеді деп топшылануда. Алайда 2020 жылға қарай ауылды елді-мекендердің 80 пайызын, қалалық жерлердің 100 пайызын таза сумен қамтамасыз етуге тиіс бұл жобаға да күмәнмен қарайтындар да баршылық.


Тоғжан Шаяхметова, экономист-сарапшы:


– Бір қынжыларлығы, біздегі «мәселені шешуге ықпал етеді» деп қабылданған бағдарламалардың дені терең сараптамадан өтпейді. Мұны жасырудың еш қажеттілігі жоқ. Айталық, мемлекетіміз «республика халқын таза ауызсумен қамтамасыз  етеді» деп ірі екі бағдарлама қабылдады. Оның бірі – «Ауыз су» бағдарламасы, екіншісі – «Ақбұлақ».  Десек те, аталмыш бағдарламалардың сауатты екендігіне күмән мен күдік те баршылық. Өзіңіз ойлаңызшы, бұл бағдарламаларды жүзеге асыру үшін осы уақытқа дейін қаншама қаржы бөлінді. Меніңше, қаржы бөлініп, арнайы бағдарлама қабылданып жатқаннан кейін оның атқарылу нәтижесіне бақылауды күшейту  қажет. Олай етпесек, бөлінген қаржы «тістегеннің аузында, ұстағанның қолында» кетері анық.


Сондай-ақ, Алаш айнасына пікір білдірген мамандарымыз кез келген бағдарламада ғылыми тұжырым болуы керектігін алға тартады. Бұл ретте «бағдарламаның жобасын жасарда саланы арнайы зерттеп жүрген ғалымдарымыздың ұсынысына назар аударғанымызда жұмыс өнімді болар еді» деседі мамандар.


Қытайдың «Суық су» бағдарламасы бізге қауіп пе?


Жалпы, ауызсу мәселесін сөз еткенде біз алдымен Қазақ елінің көршілес елдермен қарым-қатынасына айрықша мән бергеніміз абзал. Айталық, еліміздің Орал өңіріне су көзі Ресейден келсе, Арал өңіріне тек Сырдариядан ғана енеді. Тіпті бізге қазір бұл мәселеде өзбектердің қас-қабағын бағуға тура келіп тұр.  Бүгінде Ертістің суы да тым азайып кетті. Бұған қатысты мамандар «оның себебі Қытай елі қазірде «Суық су» бағдарламасы бойынша жұмыс істеуде. Осы бағдарлама арқылы Қытай өкіметі халқын жаппай таза сумен қамтамасыз етуді көздеп отыр. Олардың халық саны ірі мөлшерде болғандықтан, Қытайда егін шаруашылығы, түрлі өндіріс орындары көбейе түсетіні мәлім. Демек, бұл үрдіс болашақта Ертіс суының одан әрі азая түсетінін көрсетіп отыр. Сондықтан Қытайдың «Суық су» бағдарламасынан біз қауіптенуіміз керек» дейді. 


Осылайша, бағамдасақ, Қазақстан жан-жағындағы барлық мемлекеттермен трансшекаралық өзендер арқылы байланысып жатыр. Ал енді мұндайда не істеу керек?


Жанғабыл Айтбаев, гидрогеолог маман:


- Елімізде су мәселесін шешу үшін жерасты суларының көздерін тауып, оны тиімді игерудің жолдарын қарастыру қажет. Бұл мәселеде әрине ғалымдардың зерттеулеріне де назар аудару керек. Мысалы, еліміздің Гидрогеология және геоэкология институтының ғалымдары 2009 жылы Қызылорда облысы Жалағаш ауданындағы су тапшылығын ескере отырып, бір үлкен істі зерттеуге кірісіп кетті. Зерттеулердің нәтижесінде Қызылорда облысында 420-450 метрлік тереңдікте жерасты сулары бар екеніне ғалымдар көз жеткізді. Аталмыш зерттеу жұмыстары еліміз бойынша тұңғыш рет жасалып тұр. Білесіз, бұған дейін Қызылорда облысы Сырдың суын ішіп отырды. Ал Сырдың суының лас екені, оның бүкіл Азиялық аумақты аралап барып Қызылордаға енетіні бізге белгілі. Ол судың ішінде қоқыс қалдықтары да, бактериялық заттар да бар екені белгілі. Бір ауыз сөзбен айтқанда бұл адамның ағзасына орасан зиян келтіретін улы су. Халық су орнына у ішіп отыр. Ғалымдардың зерттеулері «су шықпайды» деген  елді мекеннің өзін сумен қамтамасыз етуге болатынын дәлелдеп отыр. Сондықтан өз басым «қандайда бір реформалық бағдарламаға ғалымдардың ұсыныс-тілектері енгізілуі керек» деген пікірлермен келісемін.


 Өзгелер су рудаларын саудаға салып отыр


Негізінен, байыптасақ, біраз ел бұл мәселені оңтайлы жолға қойып алған. Тіптен қазір Қытай елі судан сирек кездесетін металдар алуда әлемдік беделге ие болып отыр. Ал біздің ғалымдарымыздың пайымдауынша, елдегі Батыс Қазақстан облысы бойынша жер асты суларының ішінде кездесетін сирек металдар тіптен құнды. «Мұндай сирек кездесетін металдарды әлемдік тұрғыда  «судан алынатын рудалар» дейді. Әлемдік нарықта судан алынатын сирек кездесетін металдардың бағасы мұнай мен алтыннан да қымбат.  Өкініштісі, біз осы мүмкіндікті пайдалана алмай отырмыз» дейді ғалымдар.


Сондай-ақ елімізде қазір йод тапшылығы мықтап орын алып тұрғанын алға тартқан мамандарымыз,  сол йод тапшылығын да су көзі арқылы жоюға әбден болатынын алға тартады. Бір ғана  Аралдың суының құрамында йод ресурсы тұнып тұрғанын,  біз бұл мүмкіндікті де құр жіберіп  алып отырғанымызды ашып айтқан мамандар, «болашақта бір іс тындырымды болсын десек, бізге қазынаның қаржысының мақсатсыз, мәнсіз жұмсайтын мінімізді түзеу керек» деседі. Пайымдасақ, өзге елдер жер асты суын үңгіп алып, жоқтан бар жасап пайдаға батып отыр. Олардың мұндай мақсатты істерге жұмсайтын қаржысы да бізбен салыстырғанда анағұрлым жоғары емес. Ал біз керісінше, қазынадан қомақты қаржыны үңгіп алып, мәселенің тереңіне белшеден батып жүре беруге бейілміз. Сонда «су орынан у ішіп отырған» аймақтардың тағдырын қайтеміз осы?!




Көрілген: 881    Пікірлер: 0

жұма, 07.02.2014, 12:08

Достарыңмен бөліс:

2
  • СОҢҒЫ ЖАРИЯЛАНЫМДАР:
    10 Қараша, 20:02
    Қарыз қажытты ма?

    Көп ашылған Көп пікір жазылған
    2019
    2008
    2009
    2010
    2011
    2012
    2013
    2014
    2015
    2016
    2017
    2018
    2019
    қараша
    қаңтар
    ақпан
    наурыз
    сәуір
    мамыр
    маусым
    шілде
    тамыз
    қыркүйек
    қазан
    қараша
    желтоқсан

    Алаш Айнасы мұрағаты

    Дс Сс Ср Бс Жм Сн Жс
    1 2 3
    4 5 6 7 8 9 10
    11 12 13 14 15 16 17
    18 19 20 21 22 23 24
    25 26 27 28 29 30