Агенттік депозиттегі ақшаға қатысты түсініктеме берді

10 қаңтар 2022, 19:00

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі банк салымшыларын депозиттегі ақша үшін алаңдамауға шақырды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан агенттіктің ресми сайтына сілтеме жасап.

 

"Бүгінгі таңда банк салымшылары үшін тәуекелдер жоқ. Қазақстандықтардың банктердегі депозиттеріне заңнамаға сәйкес "Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры" АҚ кепілдік береді", - делінген ресми хабарламада.

 

Ресми мәліметке сәйкес, Қазақстанда төтенше жағдай енгізілсе де, банк секторы тұрақты режимде жұмыс істеп жатыр. 2021 жылдың соңында банк секторының активтері 36,7 трлн теңгені құрады.

 

Бүгінде екінші деңгейлі банктерде қажетті ақша қоры бар. Мәселен, банк секторының меншікті капиталы 4,6 трлн теңгені құрап отыр. Бұл заңнамада белгіленген ең төменгі талаптардан 3 есеге артық. Өтімділігі жоғары активтер, шамамен, 12,3 трлн теңгені немесе барлық активтің 33,4 процентін құрады.

 

Ал ұлттық банк банк секторы өтімділігінің қосымша қорын құру мақсатында тікелей және кері РЕПО операцияларын, депозиттік аукционды, қысқа мерзімді ноталарын шығаруды қоса алғанда екінші деңгейдегі банктерде өтімділікті беру және алып қою жөніндегі күнделікті операцияларды қайта бастайды.

 

Қажет болған жағдайда Қазақстан қор биржасында 3 айға дейінгі мерзімге РЕПО және своп операциялары арқылы өтімділікпен шұғыл қамтамасыз ету тетігі қолданылатын болады.

 

"Агенттік қаржылық қызметтерді тұтынушылардың құқықтарын қорғауды қамтамасыз ету мақсатында банк секторындағы жағдайды күшейтілген түрде мониторингтеуді жалғастырады", - дейді мамандар.