"Агротехникадан утильдік алым алынбаса, үкіметті сотқа береміз": Белсенділер билікке шарт қойды

25 мамыр 2022, 12:26

Нұр-Сұлтанда қоғам белсенділері Санжар Боқаев, "Шопан ата" қауымдастығының төрағасы Алмасбек Садырбаев және мәжілістің бұрынғы депутаты Владимир Дворецкий баспасөз жиынын өткізіп, үкіметке агротехникадан утильдік алымды алып тастау үшін бір ай мерзім беретінін айтты. Егер осы уақыттың ішінде алынбаса, белсенділер үкіметті сотқа беретінін айтты, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.

Бұған дейін утилалым мәселесі бойынша билікті сынап келген Санжар Боқаев агротехиканың утилалымы жөніндегі құжаттарды екі жыл бойы талдап, құқықтық ұстанымымдарды дайындап қойғандарын айтты.

"Агротехникаға белгіленген утилизация алымын бір айда алып тастамаса, үкіметті сотқа береміз. Утилалым бойынша кейбір шенеуніктердің жеке адамдар мүддесіне мемлекет мүддесін қалай бұрып отырғанын білеміз, соттассақ оларды да шақырамыз", - деген Боқаев биыл құрылған "Жасыл даму" компаниясына түсіп жатқан "қаржының қайда жұмасалатыны да күмәнді" екенін жеткізді.

Санжар Боқаев утилалымнан пайда көріп келген олигополияның артында "Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың отбасы тұр" деп санайды.

"Шопан ата" қауымдастығының төрағасы Алмасбек Садырбаев өз кезегінде үкіметті сотқа беру туралы бастаманы өзі басқаратын қауымдастықтың 14 мың шаруасы да қолдайтынына сендіруге тырысты.

Еске салайық, қаңтар оқиғасынан кейін президент Қасым-Жомарт Тоқаев утилизация алымын жинаумен жеке компания емес, мемлекеттік орган айналысуы керек деп, экс-президенттің кіші қызы Әлия Назарбаевамен байланысы бар "Оператор РОП" компаниясын жабуды тапсырған. 

Утилалым мәселесі бойынша көптеген талқылаудан кейін Қазақстан үкіметі биыл мамыр айының ортасынан баста шетелден әкелінетін автокөлік және ауыл шаруашылығы техникасына утилизация алымын 50 пайызға азайтқан.