Ақтөбе әуежайын жекешелендіру – Ғимарат құнының дұрыстығына сараптама жүргізіледі

09 қазан 2021, 14:19

ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Әлихан Смайылов Ақтөбедегі «Әлия Молдағұлова халықаралық әуежайы» АҚ бағалау құнын тексеруге қатысты депутаттық сауалға жауап берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

 

«ҚР «Қазақстан Республикасындағы бағалау қызметі туралы» Заңының 11-бабының 1-тармағына сәйкес, бағалау туралы есепте белгіленген бағалау объектісінің нарықтық немесе өзге құнының анықтығы туралы дау болған жағдайда, оның ішінде осы объектіні бағалау туралы қолда бар өзге де есепке байланысты бағалау туралы есепке сараптама жүргізілуі мүмкін. Бағалау туралы есеп сараптамасын оны жүргізген маман мүшесі болып табылатын бағалаушылар палатасының сарапшылық кеңесі жүргізеді», - деп жазды Әлихан Смайылов өз жауабында.

 

Оның айтуынша, бағалау туралы есеп сараптамасы тапсырыс берушінің және (немесе) бағалау туралы есепті даулайтын үшінші тұлғаның бастамасы бойынша жүргізіледі.

 

«Осыған байланысты бағалаушы ұсынған есепке сараптама жүргізу туралы тиісті хат «Қазақстанның бағалаушылар достастығы» өзін-өзі реттейтін ұйымы» палатасына жіберілді. Бағалау туралы есепке сараптама жүргізу мерзімі ҚР Қаржы министрінің 2018 жылғы 3 мамырдағы № 503 бұйрығымен бекітілген Бағалау туралы есепке сараптама жүргізу қағидаларында айқындалған және күнтізбелік 30 күннен аспайды», - деп атап өтті Премьер-Министрдің орынбасары.

 

«Бағалау туралы заңның 11-бабының 2-тармағына сәйкес, бағалау туралы есеп сараптамасының нәтижесі бағалаушылар палатасының сарапшылық кеңесі дайындаған оң немесе теріс сараптамалық қорытынды болып саналады. Бағалаушының есебі бойынша теріс сараптамалық қорытынды берілген жағдайда тапсырыс беруші заңнамада белгіленген тәртіппен тиісті жұмыс жүргізеді», - деді Ә. Смайылов.