Құрметті оқырмандар назарына! «Алаш айнасы» желілік-басылымы Ақпарат комитетінің 2023 жылғы 01 қарашадағы № 15 бұйрығы негізінде 2023 жылғы 30 қазаннан бастап бұқаралық ақпарат құралы ретінде өз қызметін тоқтатты.

К сведению уважаемых читателей! Сетевое издание «Алаш айнасы» на основании Приказа Комитета информации № 15 от «01» ноября 2023 года прекратил свою деятельность в качестве средства массовой информации с 30 октября 2023 года.

Алаштың ИДЕЯЛАР БАНКІ

24 қараша 2012, 13:00

Ғылымды шенеуніктер емес, ғалымдар басқарса дейміз...

Ғылымның рухы асқақтаған жерде аз ақшаға да үлкен істер атқаруға болады
                                                                                                       Николай ПИРОГОВ

Индустриялық-инновациялық даму бағ­дарламасын жүзеге асырып, ең озық технологияға сүйенетін өндіріс ошақ­та­рын құру үшін, ең басты керегі, ғылым еке­ні белгілі. «Алайда бізде іргелі ғы­лымды жоюға бағытталған іс-қимылдар анық байқалады. Сондықтан дереу ара­да «Ғылым туралы» заңға өзгерістер мен тү­зетулер енгізіп, ғылымды басқару мо­делін өзгертпесек, бәрі кеш болады» деп дабыл қағады отандық ғалымдар.
Мамандар іргелі ғылымды жоюға ба­ғыт­талған шаралар ретінде, ең алдымен, елі­міздегі ғалымның, ғылыми қыз­мет­кердің, ғылыми зерттеу орталықтарының бұ­рынғы деңгейін, мәртебесін тө­мен­де­тетін қазіргі ғылымның басқару моделін атайды. Әрі осы моделге көшуге кезінде кеңес берген шетелдік экономикалық кеңесшілердің бөтен мүддесі болғанын, яғни еліміздің ғылыми тұрғыда дамуына басқалар қарсы екенін, сондықтан бұл қа­телікті дереу арада түзеу қажеттігін ай­тады.
«Бүгінгі Қазақстандағы ғылымды бас­қару құрылымы мынандай: Үкімет (Бі­лім және ғылым министрлігі, Қаржы ми­нистрлігі), Үкімет жанындағы жоғары ғы­лыми-техникалық комиссия, Білім жә­не ғылым министрлігі жанындағы Ғылым ко­митеті, Мемлекеттік ғылыми-тех­ни­ка­лық сараптама жөніндегі ұлттық орталық, Ұлт­тық ғылыми-техникалық кеңес, жоғары деңгейдегі өкілетті орган және төмен деңгейдегі өкілетті органдар (әртүрлі АҚ, ЖШС және т.б.). Содан кейін барып – ғылыми-зерттеу инстиуты және олардың зертханасы. Міне, соңғы ғылыми-зерттеу жұмыстары жүргізілетін жалғыз нысанға мемлекет бөлген қаржы жетемін дегенше талан-таражға түсіп кетеді. Ал мүйізі қа­рағайдай ғалымның еңбек етіп жүрген мекемедегі еден жуушыдан ешқандай айырмасы жоқ. Өйткені оның мәртебесін арттыратын құқық заңда қарастырылмаған.  Мұндай жағдайда қазақтың білімділері өз еңбегін, қал-қадірін дұрыс бағалайтын жаққа бас бұрғаннан басқа амалы қал­май­тындай. Яғни, қазіргі қолданыстағы заң да басқару моделі де елден ға­лым­дар­дың кетуіне, сәйкесінше іргелі ғы­лым­ның жойылуына бағытталған. Бұған жол бермейміз десек, шұғыл өзге­ріс­тер­ге көшу керек. Соның бірі ретінде ғы­лы­ми қызмет­кер­лердің мәртебесін, әсі­ре­се жалақысы, әлеуметтік, зейнетақы қамсыздандыру жа­ғынан және басқа да құқықтары бойынша мем­лекеттік қызметкерлерге теңестіруді сұраймын. Ғылыми зерттеу, негізінен, мем­лекеттің қамы әрі әлемдік ғылыми қауым­дастық алдындағы беделін асыру үшін жасалады.

Сәйкесінше, ғылыми қыз­мет­керлер қандай да бір жекеменшік құ­ры­лымның емес, мемлекеттік қызметтің тір­кеуіне тұрады, демек, олар мемлекеттік қыз­меткерлер деп аталатындардың құ­қығын пайдалануға қақысы бар. Әрі Ұлттық ғылым академиясына айрықша мәр­тебе беріп, оны тікелей Үкіметке бағынатын ету керек», – дейді осы айдың бел ортасында Алматыдағы Саяси ше­шім­дер институтында өткен «Ғылымды бас­қаратын ғылым» деген тақырып талқы­сын­дағы сөзінде В.Фесенков атындағы Астро­физика институтының Ай және пла­неталар физикасы зертханасының же­текшісі Виктор Тейфель. Сондай-ақ ол: «ке­зінде экономика бойынша бағыт-бағдар беріп отыру үшін жалдаған аме­рикалық кеңесші Джордж Портер Қазақ­станға іргелі ғылымның қажеті жоқ деп еді, соған қарағанда сыртта біздегі ғылымды жоюға тырысып бағушылар жеткілікті», – дейді. Бұл пікірді қоштаған Ұлттық теле­ком­муникациялық қауымдастықтың ғы­лыми-кеңесуші орталығының директоры Ев­гений Малишевский: «Шетелдіктерге са­раптама жасату – еліміздегі ғылымды жою­ға бағытталған шара. Бұл өткен ға­сырда алдын ала ойластырылып қойылған іс-қимыл. Яғни, Еуропалық одақ «Ғасыр ал­дындағы Қазақстандағы жоғары білім» бағдарламасымен көмек қолын созған кезде. Ол кезде сырттан келген кеңесшілер «жоғары оқу орындары сіздерде көп, тек бір ЖОО жеткілікті, ал ғылыми ұйымның еш­қандай қажеттілігі жоқ, сіздердің мақ­сат­тарыңыз – біздің нарыққа энер­гети­калық және минералдық ресурстарды жеткізу, одан басқа қандай да бір дамудың жолын сіздерден көрмейміз» деп мә­лімдеген. Яғни, шетелдік сарап­шылардың ақы төлегенде берген кеңестерінің түрі осын­дай болған» деп ашынады. Бұл арада жаңадан ойлап тапқан дүниесін елімізде тіркету үшін ғалымдар оны ағылшынша жазып, билік оны ақша төлеп шетелдік сарапшыларға  бағалататынын баса айта кетелік. Мұны отандық ғалымдар елдегі ғы­лыми дамуды шетелдің тікелей қа­да­ғалауы деп бағалап, ұлттық қауіпсіздікке нұқсан келтіретін шара деп те атайды.
Бәрінен бұрын ғылымға жастардың келуіне ешқандай жағдай жасалмауы мамандарды қатты қынжылтады. Бүгінгі оқуға түскен жас «ғылымды өркендетемін, елімнің дамуына атсалысамын» деген патриоттық мүддеден мүлде ада. Өйткені бізде ғылымға қызығатындай жағдай жоқ. Есесіне бастық болғысы келетіндер көп. Бұл құбылысты «Аспандау» ғылыми-білім қорының президенті Қанат Нұров былай­ша түсіндіреді:
– Бюджет ақшасын игеру мақсатында оңды-солды оқулықтарды жаңартып, білімге өзгерістер енгізудің салдарынан ондағы ғылыми мазмұнды, жүйені әбден бұзып алдық. Егер біз ғылым мен білім арасындағы осы алшақтықты бір-біріне жақындатпасақ бәрі де әдірем қалады.
Ал Білім және ғылым министрлігі жа­нындағы Экономика институтының Эко­но­миканы басқару мәселелері бөлімінің аға ғылыми қызметкері Ренат Ғабдуллин: «Шындығында, қазір кадрлардың сыртқа ағы­лу үрдісі кеңінен етек алған. Таяуда менің мұнай және газ саласындағы мықты маман бір танысымды Ресейде докторлық қорғауға шақырды. Егер ол жақта қорғап бізге келсе, оның ғылыми еңбегі мұнда мо­йындалмайды. Заң солай. Сондықтан ол бәрібір сол жақта қалуға мәжбүр бо­лады. Қалай дегенмен де бізде ғылымға жас­тардың келуіне жағдай жасалмаған, сон­дықтан олар келмейді де. Ғылыми қыз­меткердің жалақысы – 40-45 мың теңге-ақ. Алматы секілді қалада ондай ақшаға өмір сүру де мүмкін емес. Қазір ғылымдағы ор­таша жас – кандидаттікі – 50, ғылым док­­торы – 60-та. Осыдан-ақ жас кадрлар тап­шылығын анық байқауға болады», – деп назын айтады. Жалпылай алғанда, отан­дық мамандар еліміздің ғылымын ше­неу­ніктер емес, ғалым басқарса деп тілек білдіреді.

P.S.
Егер төмендегі статистика агенттігі жариялаған цифрларға жүгінсек,  соңғы үш жылда «жоғары», «жоғары білімі аяқталмаған», «орташа мамандандырылған» категория бойынша 51605 маманымыз сыртқа кеткен. Негізінен, олар білігі жоғары сұранысқа ие ТМД мемлекеттеріне қоныс тепкен. Осы цифрлардан-ақ мамандардың елден кету құбылысы барын анық байқауға болады.


Болашақтың жанар-жағармайы: көмір ме, карбид пе әлде ауа ма?..
Ондаған жыл бұрын отандық ғалымдар көмірден жанар-жағармай жасауға болатынын мәлімдегенде ешкім селт етпеп еді. Мүмкін, мұнай өңдейтін дайын зауыттар болған соң шенді-шекпенділерді бұл жаңалық қызықтырмаған да болар. Есесіне, әдеттегідей, мұндай идеяны қытайлық ғалымдар іліп әкетті. Көмірден газ өңдейтін зауыттар мұнда 2014 жылы іске қосылмақшы. Бүгіндері оның құрылысы басталып та кетіпті. Ал бертінде қарағандылық өнертапқыш жанар-жағармайды карбидтен жасауға болатынын мәлімдеді. Тағы да бұл идеяны жетілдіру ешкімнің қаперіне кірмеді. Бірақ ағылшындар аталған бағытта отын өндіру үшін қам жасап жатқан көрінеді...

Бұл арада Қытайда автокөліктердің басым бөлігі дизель және газ отынымен жүретінін еске сала кетелік. Сондықтан өздерінде өндірілмейтін болғандықтан, Қытайдың газ бен мұнайға деген сұранысы жоғары. Ол – осы шикізат түрлерін им­порттаушы мемлекет. Бірақ осы тәуелділікті белгілі бір деңгейде жою үшін минералдық және энергетикалық ресурстарды өңдеу бойынша Қытай өз алдына үлкен міндеттер қойып отыр. Қазір аспан асты елінде көмірден газ алатын төрт жоба қолға алынған. Оған 14 млрд доллар қаржы бөлінген. Алғашқы өндіріс 2014 жылы толықтай іске қосылады деп жоспарланып отыр. Осы жағынан алғанда, бәленбай жыл көмірден газ алуға болатынын дәлелдеп жүрген қазақ ғалымдарының еңбегі әдірем қалды деп айтсақ та болады. Бірақ қолдаудың жоқтығына қарамастан отандық ғалымдар тың дүниені ойлап табудан еш жалыққан емес.
20 жыл бойына Қарағанды ғылыми-зерттеу институтының жаңа техниканы сынау бөлімінің аға қызметкері болып істеген Александр Еремин бүгіндері жергілікті жылу электр стансысының инженері екен. Ол ескі әдетіне салып, ойлап тапқан түрлі дүниені сынаудан тын­байтын көрінеді. Автобустардың газбен жұмыс істей бастағанын көрген ол карбидті неге көлік отыны ретінде қолданбасқа деген ойға келген. Өйткені біздің нарықта ацетиленмен жұмыс істейтін генераторлар сатылымда бар. Ал карбид сол ацетиленді бөліп шығаратын шикізат. Яғни, карбидті қолдану үшін автокөлікке қандай да бір жаңа генераторды немесе қондырғыны ойлап табудың қажеті жоқ. Тек газдың орнына карбидті алмастырсаңыз бол­ғаны. Су тисе карбид ацетилен және жанар-жағармайға ұқсас ауыр көмірқышқылдарын бөледі екен. Өнертапқыштың айтуынша, 5 литр карбидтен  40 литр жанар-жағармай алуға болады екен. Бірақ, өкінішке қарай, бұл жаңалыққа қызығушылық білдіріп отырған өзімізде тірі жан жоқ.
Мына қызықты қараңыз. Таяуда ағылшын ға­лым­дары жанар-жағармайды ауадан алатын жаңа технологияны жасап шығыпты. Бірақ жерлесіміздің жоғарыдағы өнертабысынан олардың соншалықты айырмасы жоқ екен. Air Fuel Synthesis ағылшын компаниясының мәліметінше, олардың технологиялық процесі ауа мен гидроксид натриді араластырудан тұрады. Нәтижесінде, электролизге ұшыраған гидрокарбонаттан таза көмірқышқыл газы шығады. Оны судағы сутегімен араластырса көмірқышқыл сұйықтығы туындайды. Осылайша, ол автомобиль багына құюға әзір болады. Бүгіндері компания тіпті осындай тәсілмен отын өңдейтін кешен құрылысына кірісіп те кетіпті. Ал 15 жылдан соң, оны өнеркәсіптік көлемде кеңінен өндіруді жоспарлап та отыр. Идеясы еш жерден қолдау таппаған Ереминге енді ағылшындарға қызығып қарағаннан басқа амалы қалмай тұрған секілді.


Көрші мемлекеттер Қазақстаннан ІТ-ді үйрене алады
Қазіргі Білім және ғылым вице-министрі Мұрат Әбенов Мәжіліс депутаты кезінде «ел қауіпсіздігі өз ақпараттық технологиямызды дамыта алуымызға байланысты. Алайда біз ІТ-бизнестен қалыс қалудамыз» деп мәлімдеп еді. Шындығында,  елімізде ІТ индустриясы – кенжелеп қалып қойған саланың бірі. Бірақ бұл бізде осы бағытта озық инновациялық жобалар жоқ деген сөз емес.
Бір мысал. «ARTA SINERGY» ІТ-ком­­паниясының қазақстандық на­рықта жұ­мыс істеп жатқанына жеті жыл ­бо­лыпты. Осы уақыт ара­лы­ғын­да олардың бағдар­ла­ма­шы­лары онға жуық ақпараттық жү­йе ойлап тауып, еліміздің әртүр­лі кә­сіп­­­орындарына енгізіп те беріпті. Отан­­дық өнертап­қыш­тар­дың мұн­дай инновациялық жо­ба­лары енді ше­телдерде де сұ­ра­нысқа ие бола бас­таған.
Ерлан АХМЕТОВ, ІТ-компанияның маркетинг бойынша директоры:
– Бізге осы жыл бойына әртүрлі мемлекеттен ұсыныс келіп түсті. Біздің жұмыс істеу бағытымыз – Ресеймен өзара іс-қимылда болу. Сондықтан оның ішінен Ресейдің ұсынысын қабыл алдық. Қазір Нижний Новгород қаласында бір кәсіпорын біздің жүйемізді сатып алып, жұмыс істеп жатыр.

Көп функциональды ақпараттық жүйеден тыс қазақстандық өнертап­қыш­тардың білім саласына да ар­нал­ған арнайы жобалары бар. Мә­се­лен, бұл салада бірнеше жыл бо­йына «Platonov» жүйесі жемісті жұмыс істеп келеді, оны универ­си­тет­тер мен колледждер ұтымды пайдаланып жүр.
Назира ӘБДЕКОВА, ҚазМЗУ мұғалімі:
– Жобаның мақсаты – ЖОО-ның барлық процесін автоматтандыру, ол мұғалімнің де, студенттің де жұмысын жеңілдетеді.

Биыл Астана қаласында өткен Kazakhstan Informations Technologies-2012 көрмесінде де көрші мемлекеттер отандық ІТ дүниелерге қатты қызығу­шылық­тарын білдіріпті. «Біздің жігіттердің жасаған ІТ технологиялары туралы Қырғыз Республикасы,Тәжікстан, Ау­ғанстан, Иран, Әзірбайжан, Өз­бек­стан және Ресей секілді көрші елдер көп сұрастырады. Элек­трон­ды Үкімет құруда да озық тәжі­ри­беміз бар. Сол себепті көрші мемлекеттің мамандары бізге келіп, оқып та жатыр. Өйткені біздің білім алу жүйеміз ұқсас. Қазақстандық мамандар Оңтүстік Корея, Сингапур секілді ІТ саласы дамыған мемле­кет­терден білімі мен білігін жетіл­дір­ген. Сондықтан әріге бармай көр­шілеріміз бізден сабақ алса, ұтыл­майды», – дейді Көлік және ком­муникация вице-министрі Сә­кен Сәрсенов.
Әрине, осындай артықшылығы ба­рына қарамастан, отандас­тары­мыз­дың көбісі әлемге танылып қал­ған шетелдік ІТ-компаниялардың өнімін тұтынуды жөн көреді. Сон­дықтан осындай қатып қалған мен­талитетті өзгерту үшін бұл арада елі­міздегі ғылымның, ғылыми жа­ңалықтардың салмақтылығын наси­хаттауды күшейту өздігінен сұранып тұрған секілді.


Қос азаматтықты сақтап, ғылымдағы командалық жүйені бұзу керек
Зинеттула ИНСЕПОВ, шетелдегі қазақ ғалымы:
– Қазір қарқынды дамуға бел буған бар­­лық мемлекет шетелдегі ғалымдарын қайтару бағытында жұмыс істеп жатыр. Соның ішінде біздің еліміз де мұндай мақ­саттан қалыс қалып отырған жоқ. Бірақ қа­лай қайтару керек, меніңше, осы жағы­на он­ша көңіл бөлінбей жатқан секілді. Бұл дұ­­рыс емес. Мәселен,  біздің ғалым аме­ри­­калық азаматтықты алса, автоматты түр­де қазақстандық азаматтығын жояды. Ал Ре­сейден, Еуропадан, тіпті Қытайдан кел­ген­дер екі азаматтықты қатар алып жүре ала­ды. Бұл ғалымдар үшін ыңғайлы. Мә­се­лен, АҚШ-та зейнетақы алу үшін 10 жыл жұмыс істеуіңіз керек. Мұнда келген қа­зақ­стандық ғалымдар мұндай мерзімді әлі игер­ген жоқ. Егер олар қазір елге оралатын бол­са, америкалық азаматтығын жо­ғал­тады, сәйкесінше, мұндағы зей­нет­ақы алу­ға деген құқықтан да айырылады. Сон­дық­тан екі азаматтықты сақтау жағына мән бе­­рілсе деймін. Материалдық мәселені бы­лай ысырып қойсақ, өз ісін атқаруға бар­лық еркіндік берілген шетел­дегі жағ­дайға үйреніп қалған ғалымдар мұн­дағы қағазбастылыққа, бюрократ­тық­қа шыдас бере алады ма екен? Бұл да – үлкен мә­се­ле. Мысалы, кезінде ресейлік бір ға­лым АҚШ-тан Мәскеуге оралып, ол арада өзі­нің зерт­ханасын жасап, оны қар­жы­ландыруға мүмкіндік алды, алайда екі жыл­дан соң ол қай­тып кетті, себебі ғылым са­ласындағы ше­неуніктер оны әбден мезі етіп жіберіпті. Яғ­ни ақша емес, бұл арада ко­мандалық жү­йе жайы да қатты тол­ған­ды­рады. Қа­зақ­станның білім және ғы­лымындағы ко­ман­далық жүйені бұзу үшін, ең алдымен, елге орал­ған ғалымдарды жо­ғары қызметке қо­йып, бір жоғары оқу орнының маңайына шо­ғырландыру керек. Сонда олар бір жоғары оқу орны дең­ге­йін­де ғылымдағы жұмыстың қалай ат­қа­рудың жа­ңа үлгісін құ­ра алады. Қазір Мәскеу қаласы жа­нын­дағы Сколково ғы­лы­ми қалашығында тура осын­дай мақ­сат­та шетелдегі ғалымдар ал­дыр­тылып жа­тыр.
Бұл арада ғылым жемісі қымбат тұ­ра­тынын да естен шығармау керек. Қазақ­стан­ның бүтін ғылымға жылына бөлетін жүз­деген миллион доллары АҚШ-тағы бір ор­таша техникалық факультеттің (уни­вер­си­теттің де емес) бюджеті ғана екенін мы­сал­ға келтіре кетейін.

РЕДАКЦИЯ АНЫҚТАМАСЫ
З.Инсепов Ақтөбе облысы Ембі қаласының тумасы. Физика-математика ғылымының докторы. Мәскеудің Лебедев атындағы Ғылым академиясы физика институтында кандидаттығын, Мәскеудің Семенов атындағы химия-физика институтында докторлығын қорғаған. 1992 жылы Германияға кетпестен бұрын Қ.Сәтбаев атындағы ҚазҰТУ-да физика кафедрасының профессоры болған. Германиядан Жапонияға қоныс аударған. Онда сегіз жыл бойына Graduate School of Electrical Engineering мектебінде тәлім берген. 2000-2003 жылдар аралығында «Эпион Жапан» жекеменшік компаниясында менеджер жұмысын атқарған. Ал 2003 жылы Аргон Ұлттық зертханасындағы (Чикаго, АҚШ) термоядролық реакторға арналған материалдарды зерттеу тобына алынған. 2008 жылы Пурду университетінің (Индиана штаты, АҚШ) ядролық энергетика кафедрасына қосалқы жұмысқа шақырылған.


Біздегі инновация бесіктен емес, одан да бұрын басталады

Болашақта айы-күні толған қазақ әйелдері байырғы дәстүр бойынша босануға мүмкіндік алады. Осы айда өз мәресіне жеткен NIF50$К – инновациялық бизнес-жоспар бәйгесінің бас жүлдегері осындай артықшылығы бар акушерлік төсек ойлап тапқан екен. Мамандығы акушер-гинеколог Марат Сүлейменов өз өнертабысының басты ерекшелігі қауіпсіз әрі ыңғайлылығында дейді.
– Қазір әйелдер босанатын төсек не­месе кресло өте ыңғайсыз, өйткені олар жыл­жымайды немесе қандай да бір бағытқа өзгермейді. Ал мына жаңа төсек кез келген форма мен позицияға қарай жа­былып, ашыла алады. Онда  болашақ ана­ның тілегіне қарай тікесінен тұрғызып, отырғызып немесе төрт тағандатып, не болмаса шалқасынан жатқызып тудыруға болады. Негізінен, қазақтар әйелді киіз үй ке­регесіне арқанмен байлап, тігінен тұр­ғы­зып немесе жүрелеп отырғызып тудыру тәсілін пайдаланған. Бұл – бала мен ана үшін қауіпсіз әрі тиімді тәсіл ретінде дәлелденген. Сондықтан бұл елімізде бала туу процесінде болашақ анаға таңдау беретін тын дүние деп білемін, – дейді ол.
«Жалпы, бұл – әлеуметтік жоба. Егер біз еліміздің болашағын қамтамасыз етеміз десек, онда ең бірінші перзентханадан бастау керек деп ойладық. Сәбиді дүниеге әкелуге көмектесетін төсектің авторы – дәрігер-акушер. Ол жоба талқысында бұл өнертабыстың перзентханаға қаншалықты қажет екенін дәлелдей алды», – дейді «Технологиялық даму жөніндегі ұлттық агенттік» АҚ басқармасы төрағасының орынбасары Әнуарбек Сұлтанғазин.
Сонымен бәйге қорытындысы бо­йынша бірінші орынға ие болған Марат Сү­лейменов өз өнертабысын заттай же­тілдіру үшін 7,5 миллион теңге көлемінде грантқа ие болды.
Екінші орын және 2,5 миллион теңге ақ­шалай сыйлық көкшетаулық Сағат Мұха­ме­динге бұйырды. Ол ірі кәсіп­орын­дар­дағы жылу алмастыратын құбырдағы қатты шөгінділерді тазалайтын техноло­гия­ны ұсыныпты.
Ал үшінші орын мен1 миллион теңге ақшалай сыйлықты қостанайлық Әділ Нысанов пен Сабыр Мұхамбетов еншілепті. Олар кіші және орта жастағы балаларға арналған мультимедиалық білім беру жүйесін ойлап тапқан. Бұл компьютерлік жүйе мүмкіндігі шектеулі балалар үшін де тиімді екен.
Биыл тамыз айында отандық тың өнертабыстарды жинақтау үшін өңір-өңірге инновациялық ав­то­бус аттанған болатын. Міне, бұл – осы жұмыстың қо­ры­тын­дысы. Ин­но­вациялық жо­баларды ірік­теу жөніндегі конкурстың өзі 2005 жылдан бері қарай жүргізіліп келеді.

Бетті дайындаған Кәмшат Сатиева