Әлемдік экономика 2021 жылы қайта қалпына келеді – Ұлттық банк

19 қараша 2020, 11:22

Әлемдік экономика 2021 жылы қайта қалпына келе бастайды. Дағдарыстың күрмеуінен алдымен дамыған елдер шығады. Мұндай болжамды Ұлттық банк төрағасы Ерболат Досаев Сенаттың кезекті отырысында мәлімдеді.

Досаевтың айтуынша, Халықаралық валюта қоры 2021 жылы әлемдік экономиканың өсуі 5,2%-ға жететінін болжап отыр. Осы орайда Ұлттық банк төрағасы 2021-2023 жылдарға жоспарланған бюджеттің параметрлерін қалыптастыру аясында ақша-кредит саясаты бойынша болжамын айтты.

«Өткен қазан айында инфляцияның жылдық көрсеткіші 7,1 пайызды құрады. 2021-2022 жылдары инфляция 4-6% дәлізіне оралады», - деді Ерболат Досаев.
Сонымен қатар, Ұлттық банк төрағасы 2025 жылға қарай инфляцияның көрсеткіші 3-4 пайызға дейін төмендейтінін айтты.

Әсел Оршыбекова, Нұр-Сұлтан