Бұзушылықтар анықталған дүкендердегі баға төмендетілді, - деп хабарлайды Alashainasy.kz тілшісі Pavlodarnews.kz-ке сілтеме жасап.
Бұл туралы Павлодар облысы әкімінің орынбасары Мейрам Өтешов өзінің Instagram парақшасында мәлімдеді.
Облыста әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына баға қою бойынша делдалдық схемаларды тергеу жөніндегі комиссия жұмыс істейді.
- Комиссия құрамына бәсекелестікті қорғау және дамыту, мемлекеттік кірістер, метрология және техникалық реттеу, сауда, тұтынушылардың құқықтарын қорғау, экономикалық тергеу агенттігінің жергілікті атқарушы органдары мен аумақтық департаменттерінің өкілдері бар, - деп жазған Мейрам Өтешов.
Комиссия отырыстарында бағаның өсуі байқалатын әлеуметтік өнімдердің жекелеген түрлері қаралады. Бұдан бөлек, мониторинг барысында өндірушілердің, дистрибьютерлердің және бөлшек сауда субъектілерінің сату бағалары туралы алынған деректер талданады.
- Сауда субъектілерінің белгіленген үстеме ақысын сақтамау фактілері анықталған жағдайда меншік иелеріне және сатушыларға жергілікті жерде түсіндіру жұмыстары өтеді. Осыдан кейін бақылау мониторингі жүргізіледі, – деп атап өтті ол.
Егер өндірушілер мен дистрибьютерлер бұзса, онда материалдар шаралар қабылдау үшін құзыретті органдарға жіберіледі.
Бүгінгі таңда аймақта комиссияның 30 отырысы өткен болса, қорытындысы бойынша 60-тан астам сауда нысандарында өнімдердің үстеме ақысы төмендетілген.